Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.63
EUR 427.98
RUB 6.08
CNY 54.68

SSJ100 ұшағын сатып алу туралы келісімдер жоқ - Комитет

2019 жылдың 12 қараша 2019 17:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы әуекомпаниялар SSJ100 әуе кемелерін сатып алып жатқан жоқ. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық әуекомпаниялардың SSJ100 әуе кемелерін сатып алуы туралы ақпарат таралуда. Мұндай келіссөздер мемлекеттік органдар деңгейінде жүргізілмегенін атап өтеміз. Сонымен бірге, отандық әуекомпаниялар паркі негізінен батыс елдерінде өндірілген әуе кемелерінен тұрады», - делінген Комитет мәліметінде.

Осы орайда комитет бүгінде отандық тасымалдаушылардың паркін жаңарту жоспарында осы үлгідегі әуе кемелері қарастырылмағанын нақтылады.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, қазақстандық әуекомпаниялардың ресейлік тараппен SSJ100 әуе кемелерін сатып алу туралы келісімдері жоқ. Айта кету керек, негізгі ресейлік әуекомпаниялардың әуе кемелері паркі негізінен батыста өндірілген ұшақтардан тұрады», - деп аталып өтті хабарламада.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшылығы биыл мамыр айында «Sukhoi Superjet 100» ұшақтары тұрақты рейстерде пайдаланылмайтынын айтқан болатын.

Жоғары қарай