Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 402.37
EUR 449.81
RUB 5.86
CNY 56.67

Солтүстік Қазақстанда электр қуаты мен су арзандады

2020 жылдың 9 сәуір 2020 14:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтердің тарифі төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, Президент Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына орай өңірдегі коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополиялар субъектілері қызмет құнын арзандатты.

«Қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын ескеріп, осындай қиын жағдайда тұрғындарға қаржылық салмақты азайту мақсатында коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар саралау бойынша тарифтерді төмендетуге шешім қабылдады. Яғни тұрғындар үшін коммуналдық ақы мөлшері 1 сәуірден бастап 10% дейін азайса, ал бюджеттік ұйымдар үшін жүктеме қайта бөлінеді», - дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің жетекшісі Абай Балабеков.

Петропавлда «Қызылжар су» кәсіпорны 10%-ке: тұрғындарды сумен қамту қызметінің 1 текше метрі үшін 81,25 теңгеден 73,12 теңгеге дейін азайтты. Ал су тарту қызметі 74,94 теңгеден 67,44 теңгеге дейін төмендеді.

«СевКазЭнергосбыт» ЖШС Петропавл қаласы, Шал ақын, Аққайың, М.Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Есіл, Жамбыл және Тимирязев аудандары үшін электр қуаты тарифін 5% төмендетті. тұрғындар сағатына 1кВт үшін енді 12,32 теңгенің орнына 11,70 теңге төлейтін болады.

«СолтүстікЭнергоОрталық» Ғ.Мүсірепов, Айыртау, Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарында электр энергиясы тарифін 14,35 теңгеден 12,91 теңгеге дейін немесе 10% түсірді.


Жоғары қарай