Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Социалистік Еңбек Ерінің ұрпақтары Өзбекстандағы бюстті Қазақстанға жеткізуге көмек сұрады

2019 жылдың 13 қаңтар 2019 20:16

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Социалистік Еңбек Ері Жабай Балимановтың ұрпақтары Өзбекстан еліндегі бюстті Қазақстанға әкелуге көмек сұрады. Себебі, бюст ұрланып, кейін ауыл шетіндегі сайдан табылған. Қазір туыстарының ас үйінде тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған қазақстандық Жабай Балиманов Ақтөбенің Темір ауданында 1893 дүниеге келген. Ол 27 жасында Ташкент қаласына барып, қоныстанды. Ұрпақтарының айтуынша, еңбек ері өзінің қоныс аудару себебін ешкімге айтпаған әрі туған жерін аңсап өткен. Шын аты -Қайыржан. Үш ұл, бір қыз тәрбиеледі. Жабай Балимановтың ұрпақтары Өзбекстанда 2018 жылға дейін тұрып, кейін бәрі Қазақстанға қоныс аударды.

Жабай Балимановтың бюсті де сол кезде жоғалған.

«Өзбекстандағы біз тұрған ауылда атамыздың бюсті болды. Өткен жылы оның жоғалып кеткенін естіп, іздеп барған едік. Жоғалып кеткен соң оны ауылдағы мектеп мұғалімі сайдан тауып алған. Кейін құдамыздың ас үйіне апарып қойған. Қазір де сол жерде тұр. Полиция қылмыстық іс те қозғамапты. Ауыл әкімшілігі алдағы уақытта бюсттің тұғырын қайта қалап, бюстті орнына қоямыз деп уәде берді. Бірақ біз оны Қазақстанға, Ақтөбенің Темір ауданына әкелгіміз келеді. Біз Өзбекстан президентіне бюстті бізге беруге өтініш бердік. Қазақстан Үкіметіне де портал арқылы хат жазылды», - деді Жабай Балимановтың келіні Ақзәуре Дәрібаева.

Айта кетейік, Жабай Балиманов қаракөл қойын өсіріп, 1951,1958 жылдары Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Өзбек ССР-нің Жоғарғы кеңесінің төртінші, бесінші шақырылымдарының депутаты, үш мәрте «Ленин», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Сонымен қатар, жоғары ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, алты медаль алды. Оның үшеуі алтын. Әрі Ташкент пен Бұхарада көше атаулары, өзі еңбек еткен Ақтау ауылында мектепке есімі берілді.

Жоғары қарай