Ауа райы
Нұр-Сұлтан 14 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 378.65
EUR 430.07
RUB 6.00
CNY 55.10

«Smart Aqkol» жобасы өз тиімділігін дәлелдеді - Асқар Жұмағалиев

2019 жылдың 17 сәуір 2019 23:15 874

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Ақмола облысында орналасқан «Smart Aqkol»  ақылды қала жобасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін әріптестеріммен еліміздің ең «ақылды» қаласында болып, «Smart Aqkol» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен таныстым. Қаланы «цифрландырудың» жүзеге асырылғанына көп уақыт болмаса да, жоба өз тиімділігін дәлелдеді. Сол себепті   жобаны жүзеге асыруда  жинақтаған  оң тәжірибелерді бірыңғай стандартты жетілдіру барысында  ескерген жөн. Бұл болашақта қалаларды дамытудың «smart» принципінің мағынасын айқындап, қандай да бір түсінбеушіліктердің орын алуына жол бермейді деп есептеймін», - деп жазды Асқар Жұмағалиев өзінің Фейсбук парақшасында.

Сондай-ақ, министр Ақкөлдегі ғарыштық байланыс орталығының қызметкерлерімен жүздесті.

«Ғарыш саласындағы қызметкерлер арасында ұрпақтар сабақтастығының көрінісіне куә болдым. Ғарыштық байланыс ортылығының қызметкерлерімен кездесу барысында ата жолын қуып, әке жолын жалғастырған ұрпақтардың көп екені көңіл қуантты», - деді ол.

Еске сала кетейік, «Smart Aqkol» жобасын «Қазақтелеком» АҚ, Tengrilab және Еуразиялық топ іске асырды. Қалада 17,5 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, қоғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаңартылды. Осының арқасында 100-ге жуық бейнекамера, 4500 су есептеу құрылғысы, 6 мың электр энергиясын есептеу құралы, жол трафигі, өрт қауіпсіздігі, көшені жарықтандыру және басқа да құрылғылар бір орталықтан басқарылады.

 

 

 

Жоғары қарай