Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.10
EUR 454.34
RUB 5.82
CNY 57.62

Смағұл Елубай: Байқамасақ бейқамдық пен алаңғасарлық бізді орға апарып жығады

2020 жылдың 1 сәуір 2020 16:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай елдегі қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді. Қаламгер ең бірінші кезекте апатқа атүсті қарамау керектігін баса айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін әлемде орын алған жағдай шындығында халықты өте қатты алаңдатып отыр. Бұл енді шынтуайтына биологиялық қару деп ойлаймын. Жойқын қарудың бұл бір сұрқия формасы. Мінекей сол қару құтыдан шығып кеткен немесе адамзатқа қарсы атылды деуге де болады. Біз сондай адамдардың өзі қолмен жасаған ақырзаманды бастан кешіп жатырмыз. Ұлы державалар алдымен ядролық қару жасады. Бірақ оны бір-біріне тастаса өз төбесіне түсетінін білгеннен кейін оны қолдана алмай отыр еді. Содан кейін жаппай қырудың осы түрі – биологиялық қаруға кірісті. Мен бұл індетті адамның қолымен жасалған деп ойлаймын. Биологиялық қару тарих сахнасына ойнақтап шыға келді», - дейді жазушы ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде.

Жазушы қазір індеттің күші бүкіл адамзатты шарпып, бүкіл адамды үйіне қуып тыққанын айтады. Қаламгердің пікіріне құлақ ассақ, алып державалар мұндай қаруды шығаруды да, оны жою жолын да біледі.

«Осындай жағдайда Қазақстан секілді тарих сахнасына кеше ғана шыққан мемлекеттің қосақ арасында кетіп қалу қаупі бар. Себебі індет шекара таңдамайды. Бізге де келіп, тиіп жатыр. Бұдан құтылудың жалғыз жолы – үйде отыру, араласпау, жұқтырмау, карантин тәртібін сақтау. Әзірге вирусты жеңудің басқа жолы болмай тұр, емдейтін препарат табылған жоқ. Бірақ күрес, ізденіс жүріп жатыр. Біз оқшаулануымыз керек. Басқа жол жоқ. Қазақстанда вирустың таралуы тоқталса өмір өзінің үйреншікті арнасына түседі. Сөзсіз бұл бүкіл әлемді экономикалық дағдарысқа соқтырған апат болды. Оның салдарын біз әлі талай жыл көруіміз мүмкін. Екі немесе үш айдан кейін не болатынын ешкім болжап білмей отыр», - дейді ол.

Жазушы осындайда Мемлекет басшысы айтқандай халық ұлт болып ұйысып, індетпен бірге күресіп, шама келгенде халықты шығынға бермеуі керектігін еске салды.

«Бейқамдық, алаңғасарлық, апатқа атүсті қарау – орға апарып жығатын жол деп білемін. Індетке бейқам қараған елдердің бірі Италия еді. Бүгінге дейін олар үйде отырып, енді ақшасы мен азық-түлігі таусылған ел ол мемлекетте дүкендерге шабуыл жасай бастағанын да көріп, біліп отырмыз. Мұндай жағдайдан құдай сақтасын. Оған жеткізбеудің жолы – ауылда немесе қалада болсын, каринтин кезінде той өткізбеу ләзім, яғни жиналмау керек. Сонда ғана біз бұл індеттің жолын бөгейміз. Қазір індет мына жағы Семей мына жағы Маңғыстауға дейін жетті. Мұның себебі – бейқамдықта деп ойлаймын», - дейді Смағұл Елубай.

Қаламгер төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау бағытындағы Мемлекет басшысының мәлімдемесін тыңдағанын айтып өтті.

«Елдің еңсесі түскен алмағайып сәтте Президенттің мәлімдемесі – жұрттың еңсесін тіктеп, үміт отын жақты. Өйткені ол жерде халықтың ең қорғалмаған, аз қамтылған бөлігінің мемлекет назарынан тыс қалмайтыны айтылды. Оның үстіне 42 500 теңгелік төлем 3 млн адамға берілетінін жеткізді. Жұмысын жоғалтқан адамдар әсіресе қаланың төңірегінде өте көп қой. Қалада қазақтың қаншамасы жастары пәтерде тұрады. Айлығынан айырылып үйде отырса, пәтерін қалай төлейді, баласын қалай асырайды? Үлкен проблема шығады. Әйтсе де 42,5 мың теңгені берген кездегі соңғы жылы ең болмағанда мемлекетке бір рет салық төлеуі керек деген шартты құптамадым. Жағдайы жоқ адамдардың бір рет салық төлемеген болуы мүмкін. Халықты бөлмей, сол төлемді мұқтаж отбасыларға түгел беру керек деп ойлаймын. Өйткені бізге ешкімнің аштан өліп, көштен қалғаны керек емес. Кешегі мәлімдеменің тағы бір тамаша жағы – қала төңірегіндегі жастардың үйлерінде отыра бермеуі үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жасалып жатқанын айтты. Мінекей, бұл – керекті іс. 2008-2009 жылдардағы дағдарыста та осындай шаралар құтқарып қалған», - дейді ол.

Смағұл Елубай Мемлекет басшысының мәлімдемесінде айтылған шаралардың сөзбұйдалыққа салынбай, тезірек іске асуы маңызды екенін жеткізді.


Жоғары қарай