Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

СҚО тұрғындарына интернет арқылы «жалған пәтер» ұсынған алаяқ ұсталды

2019 жылдың 7 қараша 2019 21:49

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтыққа қатысты 13 қылмысты ашып, 8-інің алдын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің тәртіп сақшылары 5-6 қараша күндері «Anti-fraud» атты жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Мақсат – интернет-алаяқтықпен күресу. Нәтижесінде 13 қылмыс ашылды.

«Облыс тұрғындары «ұзақ мерзімге пәтерді жалға беремін» деген адамға алдын ала төлем жасаған. Аударылған сомма 10 мен 50 мың теңге аралығында. Qiwi-әмиянға ақша түскеннен кейін хабарландыру берушімен барлық байланыс үзілген. Жете тексеру арқасында күдікті анықталды. Шығыс Қазақстан облысының 29 жастағы тұрғынын СҚО криминалды полиция басқармасының қызметкерлері Шар қаласында ұстады. Ол 5 солтүстікқазақстандықты алдап үлгеріпті», - дейді тәртіп сақшылары.

Қазан айында полицияға үш петропавлдық келіп, оларға алмаған шағын несие бойынша қарызды жабу туралы хабарлама келгенін айтқан. Ол үш оқиға бір-бірімен байланысты болып шықты. Біраз уақыт бұрын зардап шеккендер өз жеке куәліктерін облыс орталығының 28 жастағы тұрғынына сеніп тапсырған екен. Таныстарына «құжат пәтерді жалға алуға немесе ақша аударымын жасауға керек» деп айтқан. Алайда интернет арқылы 50 мың теңгеден несие ресімделіпті.

Осы екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстығын тексеріп жатыр.

«Жедел-алдын алу іс-шарасы аясында интернетке мониторинг жасалды. Мәселен, танымал сервистерде пәтерлерді жалға беру туралы, автокөлік бөлшектерін сату туралы жалған 8 хабарландыру табылды. Тауарлар мен қызметтер өте төмен бағамен ұсынылған, әрі алдын ала төлем жасау керек. Бірнеше әдіспен «сатушыларды» тексердік. Соның ең қарапайымы – тауарға бейнешолу сұрату. Алаяқтар мұндай өтініштен кейін бірден барлық байланысты үзеді. Бұл хабарландыруларды сервистердің әкімгерлеріне айтып алғызып тастадық», - дейді СҚО ПД криминалды полиция басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.

Мамандардың сөзіне қарағанда, қазір интернет-алаяқтықтың 35% шағын несие алумен, 30% - автоқосалқы бөлшектерге тапсырыс берумен және 20% пәтерді жалға берумен байланысты.

Тәртіп сақшылары «барлық хабарландыруларды тексеріп шығу мүмкін емес» дейді. Сол себепті тұрғындар сақтық шараларын естен шығармағандары жөн.

Жоғары қарай