Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

СҚО-ның республикалық жолдарында 11 жылыту бекеті дайындалды

2019 жылдың 19 қараша 2019 11:51

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының республикалық маңызы бар жолдарында қыс бойы 11 жылыту бекеті жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО автожолдардың ұзындығы бойынша республикада Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін – үшінші орында. 9 мың шақырымның 1468 шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар. Бір ай бұрын СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тағы 502 шақырым жолды республикалық меншікке беру туралы қабылдап-тапсыру актісін бекітті.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, биыл республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 1 млрд 707 млн теңге бөлінсе, қараша-желтоқсан айларында 148 млн теңгесі жұмсалмақ. Жолдың пайдалануға берілуіне байланысты тағы 100 млн теңге қосымша бөлінді.

«Боран, қатты аязды күндері төтенше жағдайға жол бермеу мақсатында облыс аумағында тәулік бойы кезекшілік атқарылады. Жолда қалған көліктер болса – көмек көрсетіледі. Демалыс, мереке күндеріне кезекшілік құрастырылды. Автожолдарда апатты немесе төтенше жағдай болғанда жеке құрамды жинау тәртібі, сондай-ақ қар алатын қауіпті учаскелерге техника бекітілді. Қыста әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі басқармалары, төтенше жағдайлар департаменті тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз», - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев.

Бұдан басқа, автожолдардың бойында 13 өндірістік жол-пайдалану пункті орналасқан. Солардың негізінде 102 орынға арналған 11 жылыту бекеті жұмыс істейді.

Мамандардың айтуына қарағанда, жолдарды қардан тазалауға 80 арнайы техника дайын. 204 адам жұмыс істейді. Көктайғаққа қарсы қысқы маусымда 2 200 текше метр тұз бен құм аралас қоспа қолданылуы тиіс болса, оның 1400 текше метрі әзір.

Жоғары қарай