Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

СҚО-ны дамытуға үш жылда 325 млрд теңге жұмсалады

2019 жылдың 1 қазан 2019 21:32

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары өз нәтижесін бере бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысын дамытуға бағытталған кешенді жоспардың орындалуы облыстық әкімдіктің отырысында қаралды. 2018-2021 жылдарға жоспарланған бағдарлама экономиканың барлық салаларын қамтыған. Олардың ішінде инвестжобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және жаңадан салу, көлік және инженерлік коммуникацияларды дамыту бар. Үш жылдың ішінде 48 іс-шара жүзеге асуы тиіс. Осы аралықта өңірді дамытуға шамамен 325 млрд теңге жұмсалмақ. Биыл жоспар аясында жүйелі мәселелерді шешуге 92 млрд теңге бөлінді.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір зауыттардың қондырғылары жаңартылуда. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Киров атындағы зауыт» АҚ технологиялық жаңғырту үшін былтыр республикалық қазынадан 3,3 млрд теңге, биыл 1,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде шығарылатын өнім көлемі 250 млрд теңгеден 350 млрд теңгеге дейін жетпек.

Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен қамтуға кешенді жоспар бойынша 6 млрд теңге қарастырылған. Оның 2 млрд теңгесіне биыл магнитті-резонансты томограф, компьютерлік томограф, ангиограф секілді қымбат қондырғылар алынды.

Сондай-ақ 125 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ауылдарда 420 үй салынып жатыр. Бұл – атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана.

«Бізге облысымызды дамыту үшін кешенді түрде жұмыс қажет болды. Бұл зауыттарды жаңғырту, әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеу, үйлердің құрылысы. Әр сала бойынша жекелеген шешім қабылдасақ, тиісті нәтиже болмас еді. Кешенді жұмыстың арқасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз еттік», - деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Жоғары қарай