Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

СҚО-ға оңтүстіктен қоныс аударғандар коттедждерге орналастырылады

2019 жылдың 26 сәуір 2019 21:24

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден қоныс аударған отбасыларға коттедждер беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылжар өңірінде Қазақстанның оңтүстігінен көшіп келгендерге бар жағдай жасалып жатыр. Мемлекеттен демеуқаржы берілсе, жергілікті әкімдіктер қоныс аударғандарға көмек бермек.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір облысқа көшіп келушілерге коттедждер салынып жатыр. Барлығы 3 мың баспана тұрғызылуда. Әл-ауқаты жоғары 150 ауыл бекітілді. Алайда бұл үй барлығына бірдей берілмейді.

«Көшіп келушілерге бірнеше талап қоямыз. Әр отбасыда ең кемі 3-4 бала болу қажет. Сұранысқа ие мамандар керек. Агроном, мұғалім, тракторшы, комбайншы, дәрігерге тұрақты жұмыс беріледі. Балаларға мектеп пен балабақшадан орын әзір. Осы талаптарға сай болса, отбасыға су жаңа коттедждің кілтін табыс етеміз», - деді Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, басқа мемлекеттік бағдарламалармен көшіп келсе, оларға қосымша ақы төленбек. Егер отбасы басқа үйді сатып алса немесе жалдаса, мемлекет 600 мың теңге шығынды қайтарады. Оған қоса, әр отбасыға демеуқаржы төленеді. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасы 450 мың теңге субсидия алады.

Солтүстікке оңтүстік облыстардан соңғы жылдары 3 мың адам көшіп келген. Бұл - 700 отбасы. Биылдың өзінде 1,5 мың адам қабылданбақшы.

Жоғары қарай