Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

СҚО-да жылқыларға жарық шағылыстыратын таспалар тағылып жатыр

2019 жылдың 15 қараша 2019 05:37

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жол үстіне шыққан мал кесірінен болатын жол апаттарын азайту мақсатында жылқылардың мойнына жарық шағылыстыратын таспалар ілініп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы уақытта жылқының қатысы бар жол-көлік оқиғалары артқан. Осыған орай полицияның аудандық бөлімшелері жол апаттарының алдын алу мақсатында түрлі іс-шараларды өткізуде. Аққайың мен Есіл аудандарында қараңғы кезде алыстан көзге түсуі үшін малдардың мойнына жарық шағылыстырғыш таспалар ілініп жатыр.

«Біз тұрғындармен кездестік. Оларға адамдар қаза тапқан жол-көлік оқиғаларының видеоларын көрсеттік. Оның бәрі жолға атып шыққан жылқының кесірінен болған. Бұл тұрғындарға ой салды. Біз ауыл адамдарынан жол апаттарын болдырмау үшін өз тараптарынан қауіпсіздік шараларын қолға алуды сұрадық», - дейді Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы Қайрат Бимендин.

Ауыл тұрғындары полицейлердің жылқылардың мойнына қараңғыда алыстан көрінетін арнайы таспаны ілу туралы ұсынысын қолдады. Шаруашылықтардың көпшілігі өз малдарына жарық шағылыстырғыш таспаны тағып жатыр.

«Біздің бұл әрекетіміз ертең біреудің өмірін сақтап жатса үлкен сауап емес пе?! Ең алдымен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін керек. Мойнында жарқыраған таспасы бар жылқы қараңғыда алыстан көрінеді», - дейді ауыл тұрғыны Бейбіт Әбілев.

Бұған дейін СҚО-да соңғы бір айда жолға шығып кеткен жылқылардың үш жол-көлік апатына себепші болғанын айтқан едік. Салдарынан бір әйел қаза тапты.

Жоғары қарай