Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 376.77
EUR 408.46
RUB 5.95
CNY 53.98

СҚО-да талапты бұзған 12 мектеп түлегі ҰБТ-дан шығарылды

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 16:24

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңіне мыңнан астам түлек қатысса, соның 12-сі өздерімен бірге сынаққа рұқсат етілмеген зат кіргізгені үшін залдан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші кезеңі 17-19 қаңтар аралығында өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, тестілеуге қатысуға 1409 адам тілек білдірген еді.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, өңірде биыл 3276 түлек мектеп бітірсе, олардың 2080-ні, яғни 63% ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген.

ҰБТ-ның бірінші кезеңі облыста 5 жерде: М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де, Ақжар ауданының Талшық елді мекенінде, Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада, Ғ.Мүсірепов ауданының Новоишимка елді мекені мен Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде өтті.

Сынақ талапқа сай өтуі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес «Қызылжар-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның қызметкерлері, арнайы мониторингтік топтың мүшелері бақылады.




«ҰБТ тапсыру кезінде талапты бұзған 12 адам залдан шығарылды. Ауырып қалуына байланысты 4 адам тестілеуден өтпеді. ҰБТ-дан негізінен смартфондарды қолданғандары үшін шығарылды. Тест тапсыру орындарында бейнекамералар жұмыс істеді», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің қызметкерлері.

ҰБТ әділ өтуі үшін залдар бейнекамералармен жабдықталған. Сол себепті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары түлектерді тест тапсыру үшін ұялы телефон, шпаргалка кіргізудің бос әурешілік екенін ескертеді.


Жоғары қарай