Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

СҚО-да ресейлік алаяқ сексендегі қарияның 140 мың теңгесін қолды еткен

2019 жылдың 23 сәуір 2019 22:27

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында алаяқ 80 жастағы тұрғынды алдап, 140 мың теңгесін қалтасына басқан. Полицейлер күдікті Ресей азаматын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мамлют ауданының полиция бөліміне аудан орталығының 80 жастағы тұрғыны арызданған. Айтуынша, үй-үйді аралап, шәлі сатып жүрген саудагер егде жастағы тұрғынды әңгімеге тартқан. Қарт адамның сеніміне кіріп, алда ақша реформасы болатындығын айтқан. Әбігерге түскен әйелге ақша айырбастауға өз «көмегін» ұсыныпты. Зейнеткер бар жиған-терген 140 мың теңгесін жалған сувенир купюраға айырбастап қала береді.

Уақыт өте көңіліне күдік ұялаған ол жақын маңдағы дүкеннің сатушысына купюраны көрсеткен. Сатушы ақшаның жалған екендігін растап, бірден полицияға қоңырау шалыпты. Уақыт оздырмай жүгінгеннің арқасында сол күні күдікті қолға түсті. Ресей Федерациясының 64 жастағы тұрғыны Қазақстандағы туыстарына жиі қонаққа келіп тұрады екен.

Полицейлердің айтуынша, осы факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-б. «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған заттар жәбірленушіге қайтарылды.

«Жалғыз басты қарт адамдар жиі алаяқтарға жем боп жатады. Егде жастағы туыстарыңыз, таныстарыңызбен түсіндірме әңгіме жүргізіп, оларға бейтаныс адамдармен сөйлескен кезде аса сақ болуды, ақшаға қатысты ұсыныстарына сенбеуді түсіндіргендеріңіз жөн», - дейді Мамлют ауданының полиция бөлімі бастығы Серік Әлжанов.

Мамандардың айтуынша, СҚО-да жыл басынан алаяқтықтың 110 дерегі тіркелген. Оның ішінде 65-і ашылып, 39-ы бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.




null


null

Жоғары қарай