Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

СҚО-да этнографиялық экспедиция қазақ ауылдарын аралайды

2019 жылдың 18 маусым 2019 17:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейі М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесіп, Қызылжар өңірінің қазақ ауылдарына экспедиция ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыарқа кешенді этнографиялық экспедициясы Ұлттық музейдің 5 жылдық мерейтойы аясында өтпек. Солтүстік Қазақстан облысы қазақтарының материалдық емес мәдени мұрасын зерттеуге бағытталған. Нәтижесінде салт-дәстүрдің бірегей түрлерін анықтап, көпшілікке тарату, жандандыру және оларды әртүрлі форматтарда пайдалануды көздейді.


null

Этнографиялық экспедицияға Ұлттық музейдің 3 ғылыми қызметкері және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және азық түлік өнімдерінің технологиясы мамандықтарының 20-ға жуық студенті үш аптаға аттанды. Іс-шара аясында олар СҚО-ның Уәлиханов және Есіл аудандарын аралайды. Осылайша материалды емес мәдени құндылықтарды зерттейді.


null

«Биыл халық арасына шығып, ата-әжелерімізбен кездесіп, ауыз әдебиетінің үлгілерін, аңыз-әңгімелерді солардың өз аузынан жазып алуды жөн көрдік. Сәндік-қолданбалы өнер, отбасылық-тұрмыстық жоралар, қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық ойындар - осының бәрін жазып алуға тырысамыз. Өйткені, мәдени мұрамыз ұрпақ ауысқан сайын көші-қон, басқа да факторлардың салдарынан жойылып барады», - дейді ҚР Ұлттық музейінің бөлім жетекшісі, этнограф Әйгерім Мұсағажинова.


null

Ұлттық музейдің жетекші ғылыми қызметкері Әйгерім Мұсағажинованың бұл салада жүргеніне 15 жылға жуықтаған. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған ол нәтижесінде ұмыт бола жаздаған 200-дей ұлттық тағамды анықтап, жазып алыпты. Бұл жолы негізінен жастардан құралған экспедицияға жетекшілік етпекші.

«Неліктен таңдау Солтүстік Қазақстан облысына түсті? Өйткені бұл - қазақтың дәстүрі бұзылмай сақталған бірегей аймақ. Мақсатымыз - жастарды қатыстыра отыра этнографиялық зерттеу жүргізудің тәсілдерін көрсету, болашақ мамандарды біздің бай мұрамызбен таныстыру. Былтыр сынақ ретінде Қызылжар өңірінің бірер ауылын араладық. Соның өзінде осы аймаққа ғана тән 13 ұлттық тағамды анықтадық. Бұған дейін болған, бірақ басқа өңірлерде жоғалып кеткен қызықты бірнеше салтты көріп, жазып алдық», - дейді Әйгерім Мұсағажинова.

Зерттеу нәтижелері болашақта дәстүрлі мәдениетке және музыкалық фольклорға, тамақтану технологиясы мен халық ауыз әдебиетіне арналған оқу курстарында қолданылмақшы. Сондай-ақ, арнайы альбом жасап шығару да жоспарда бар.

Жоғары қарай