Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

СҚО-да есірткі жарнамалаушылармен күресу мақсатында арнайы чат ашылды

2019 жылдың 24 маусым 2019 22:53

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары мен пәтер иелері кооперативтері төрағалары есірткі жарнамалаушылармен күресу мақсатында WhatsApp мессенджерінде ортақ чат ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы чат бір жыл бұрын Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен ашылды. Қазір ол жерде тәртіп сақшыларынан басқа 100-ден астам ПИК төрағасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері отырады. Тәулігіне орта есеппен 6 хабарламаға дейін түседі.

«Ортақ чатқа келген хабарламалар мұқият тексеріледі. Мұндағы мақсат - есірткі сайттарын жарнамалаған жазбаларды жою. Кез келген адам қауіпті жазуды көрген жағдайда оны өздігінен бояй алады немесе чатқа суретін, нақты мекенжайын көрсетіп жіберуіне болады. Тек біздің қызметкерлер ғана осындай ортақ жұмыстардың нәтижесінде 209 граффитиді бояды», - дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы Жандос Басыбаев.

Сондай-ақ чаттың көмегімен тәртіп сақшылары жарнама жазумен айналысқан 7 адамды және синтетикалық есірткіні таратып жүрген екі адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ал, шілденің 5-інен бастап заңнамаға енгізілген өзгертулер күшіне еніп, есірткі сайттарын жарнамалаушыларға, тыйым салынған заттарды таратушыларға қылмыстық іс қозғалатын болады.

Жыл басынан полицейлер 740,67 гр дизайнерлік есірткіні айналымнан алды. Сондай-ақ есірткі сатумен айналысып келген 97 интернет-ресурс бұғатталды. Оның кейбірін чаттың арқасында анықтау мүмкін болған.

Жоғары қарай