Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

СҚО-да электровоз бен қар тазалайтын локомотив соқтығысты

2020 жылдың 24 ақпан 2020 20:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен аптада қар құрсауынан 150-ге жуық көлік пен 300-ден астам адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті өткен аптаны қорытындылап брифинг өткізді. Дағдарыс жағдайлар басқармасының бастығы Рүстем Жұмағалиевтің айтуынша, құтқарушылар барлығы 46 оқиғаны тіркеген. Оның 22-сі табиғаттың тосын мінезінен болған.

«Қар құрсауынан 300-ден астам адамды құтқардық, 133 жеңіл көлік пен 14 жүк көлігін қауіпсіз жерге шығардық. Облыс бойынша үш жылыту бекеті жұмыс істеді. Екі жағдайда адамдарды өтімділігі жоғары техникамен тасымалдауға тура келді. Оның біреуінде ер адамның жүрек талмасы ұстаса, екіншісінде жүкті әйелге жедел көмек қажет болды. Облыс және республикалық маңызы бар жолдардың 10 учаскесі боранның салдарынан жабылды», - деді Р.Жұмағалиев.

Ал «Новоишимское» теміржол стансасында электровоз бен жолды қардан аршитын локомотив соғылып қалған. Зардап шеккендер жоқ. Бірақ төтенше жағдайдың салдарынан «Қостанай-Қарағанды» жолаушылар пойызы үш сағатқа жолынан қалды.

«Синоптиктердің болжамынша, алдағы аптада қар жауып, тұман түседі. Боран соғып, екпіні секундына 20-23 метрге дейін жететін дауыл тұрмақ. Ал күндіз ауа температурасы +4 градусқа дейін жылынса, түнде -11 градусқа дейін суытады», - деді Р.Жұмағалиев.


Жоғары қарай