Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

СҚО-да биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 185 отбасы  жаңа баспанаға ие болды

2019 жылдың 29 қазан 2019 21:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 185 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа баспанаға ие болса, облыс орталығындағы Солнечный-2 шағынауданында бой көтерген тағы 200 жеке тұрғын үй пайдалануға берілуге әзір, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биыл «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» және «Әскери өнім» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жыл басынан 988 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты.

«Облыста әсіресе «Бақытты отбасы» және «Әскери өнім» бағдарламалары тұрғындар арасында сұранысқа ие. «Бақытты отбасы» бағдарламасы көп балалы және толық емес отбасыларды, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Облыста осы бағдарламамен 1 012,4 млн теңге сомасына 110 қарыз берілді, сондай-ақ 404 млн теңге сомасына тағы 45 өтінім бекітілді», - дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры Алмас Жапабаев.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қарыз жылдық 2% ставка бойынша 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Тек сатып алатын пәтер 10 млн теңгеден аспауы және қарыз сомасының 10% бастапқы жарнасы қалтаңызда болуы керек.

«Әскери өнім» бағдарламасы 2019-2025 жылдарға шақталған. Жыл сайын елімізде 4 мыңға жуық әскери қызметшіге мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріне пәтер алуға мүмкіндік береді. СҚО-да биыл 123 адам осы бағдарлама арқасында баспаналы болды.

Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 185 отбасы жаңа пәтерге кірген. Сондай-ақ Петропавл қаласы маңындағы Солнечный-2 ықшамауданында 200 жеке тұрғын үй салынды.

«Мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларға «Жасөркен» шағынауданында 192 пәтерлі тұрғын үй және Жуков көшесінде 78 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Үйлердегі барлық пәтерлердің 1 шаршы метрі 140 мың теңгеге бағаланған. Мемлекеттік бағдарламалардың негізгі операторларының бірі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы жалпы 16 жылдың ішінде 4 мыңнан астам тұрғынның үй-жайын жақсартуға көмегі тиді», - дейді филиал директоры.




Мамандардың мәліметінше, СҚО-ның тұрғын үй қоры 11 990,4 мың шаршы метрді құрайды, оның 43%-ға жуығы 1970 жылға дейін салынды, яғни қолданысқа берілгеніне жарты ғасырдан асып кеткен. Облыста 160 үй апатты деп танылса, онда 1 209 адам тұрып жатыр.

Жоғары қарай