Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

СҚО-да биыл 21 автокөлік өртенген

2019 жылдың 22 сәуір 2019 22:08

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 21 көлік өртенген. Өткен демалыста өңірде осындай екі оқыс оқиға тіркеліп, екі машина жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша, екі көліктегі де өрт сымдардың қысқа тұйықталуынан болған. Әйтеуір, адамдар зардап шекпеген. Жалпы, жыл басынан автокөлік өртінен 2,5 млн теңге шығын келген екен.

Өрттің жиілеуіне байланысты бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаевтің қатысуымен брифинг өтті. Нұрлан Бауыржанұлының айтуынша, жыл басынан өңірде 198 өрт тіркелген. Одан 28 млн теңге шығын келген. Былтыр осы аралықта 9 адам қаза тапса, биыл 16 тұрғын мерт болған.

«Сәуірдің 19-21-і аралығында Петропавлда, Айыртау және Мамлют аудандарында өрттен 4 адам қаза тапты. Өрттің шығуына пешті, электрқондырғыларын дұрыс пайдаланбау, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болып жатады. Сондай-ақ барлық өрттің 80% жеке сектордағы тұрғын үйлерде болған», - дейді Нұрлан Атығаев.

Оның айтуынша, соңғы кездері қоқыс пен қураған шөптің өртенуіне қатысты шақырту көбейген.

«Сәуірдің 1-інен бастап қоқыс пен қураған шөптің өртенуіне байланысты 103 шақыртуға шықтық. Өткен аптада осындай 49 оқиға тіркелді. Сол себепті, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамын», - дейді Нұрлан Бауыржанұлы.

Жоғары қарай