Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 399.67
EUR 452.95
RUB 5.82
CNY 56.36

СҚО-да балалар кітапханасы мемлекеттік-жекешелік әріптестікке берілмек

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 14:44

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасы республикалық пилоттық жоба аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестікке берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің кітапхана жүйесінде енгізілгелі отырған пилоттық жоба 12 жылға есептелген. Яғни, кәсіпкермен осы уақыт мерзіміне келісім жасалады. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасы осылайша ғимараттың оннан бір бөлігін – 120 шаршы метрді жалға бермек. Директор Көгаршын Бердіғұлованың пікірінше, бұдан мемлекеттік мекеменің ұтары көп.




«Пилоттық жоба «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасы негізінде кітапханалық-білім беру кластерін құру» деп аталады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ықтимал жеткізушіге қойылатын талап көп, сол себепті тілек білдірушілер көп емес. Мәселен, жобаға қатысушы кәсіпкер кітапхананың жиһазын жаңартуға 2,5 млн теңге бөлуі тиіс. Бұдан басқа кітап қорын толықтыруға 1 млн теңге аударады. 12 жылға жалға берген мерзімде компьютерлік техникамызды жаңартып алмақшымыз», - дейді Көгаршын Бердіғұлова.




Ал келген кәсіпкер жалға алған жерде ақылы үйірмелер ашуға құқылы. Жоспар бойынша робототехника, жылдам оқу, театр арқылы ағылшын тілін үйрету үйірмелерін ашып, мектепке дайындау, оқушыларға үй тапсырмасын орындауға көмектесу секілді қызметтерді көрсетпек.

«Кітапхана, жасырын емес, қазіргі уақытта жартылай бос. Бұрынғыдай оқу залдары толып тұрмайды, 4-5 бала отырса қуанатын жағдайға жеттік. Заман талабына сай кітапхана – балаларды тартатын, қызықтыратын орталық болуы керек. Жаңа, сәнді үйірмелер ашылса – жасөспірімдер келеді. Ал келген баланы кейін оқырман қатарына тарту – біздің міндетіміз.

Біз – мемлекеттік мекеме болғандықтан ақылы үйірмелер аша алмаймыз. Ал сол




роботехниканы ұйымдастыру үшін, керек-жарағын алу үшін қаржы керек. Кітапханаға жергілікті бюджеттен кітап қорын жаңартуға 1 млн теңгеге жетер-жетпес қаржы бөлінеді. Бұл – аз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында біраз мәселеміз шешіледі деген үміттеміз», - дейді кітапхана директоры.




Пилоттық жоба, әзірше ел бойынша тек СҚО-да жүзеге асырылмақ. Айта кетейік, облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қорында қазір 212 мыңнан астам кітап болса, оқырмандар саны бүгінде 16 мыңнан асқан.


Жоғары қарай