Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 377.09
EUR 407.37
RUB 5.93
CNY 53.95

СҚО-да 38 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады

2019 жылдың 21 желтоқсан 2019 05:34

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендердегі екі қабатты үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады.

Осыған қарай келер жылы аудан орталықтарында 12 биоқазандық орнатылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан орталықтарындағы екі қабатты үйлер тоқсаныншы жылдары жылу жүйесінен ажыратылды. Тұрғындарға пәтерлеріне пеш салып алудан басқа амал қалмады.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірде осындай екі қабатты 38 үй бар. Онда 1200 адам тұрып жатыр.




Любовь Никитина Есіл ауданындағы Явленка елді мекенінің тұрғыны. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жеке қабылдауына келіп, көршілерінің базынасын жеткізді.

«Менің үйім орталық жылу жүйесіне қосылған, баспанамыз өте жылы. Ал көршілерім қиындық көріп отыр. Екі қабатты үйлеріне отын-көмірді кіргізіп жағады. Көбі егде жастағылар, оларға пеш жағу, күл шығару қиын», - дейді Любовь Никитина.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов та кезінде екі қабатты үйде тұрған екен. Сондықтан оған тұрғындардың мәселесі жақсы таныс. Бұл жайында ол өзінің әлеуметтік парақшасында жазба қалдырды.

«Аудан орталығындағы екі қабатты үйде тұрғанмын. Сол себепті тұрғындардың әсіресе қыс уақытында қандай қиындықтарды бастан кешіретінін білемін. Тоқырау жылдары бұл үйлер орталықтандырылған жылу жүйесінен ажыратылды. Енді оларды қайтадан қалыпқа келтіру керек», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Қазір Явленка елді мекенінде екі қабатты бір үй, аудандық аурухана мен әкімшілік ғимарат орталықтан жылытылады. Қалғандары келер жылы қосылмақ. Облыста екі қабатты ғимараттарды жылу жүйесіне қосуды мақсат еткен бағдарлама жүзеге асырылады. Жобаға бірінші кезекте Явленка, Сергеевка, Талшық, Арықбалық елді мекендері қатысады. Жалпы өңір бойынша 12 биоқазандық орнату жоспарланған. Сабанмен жылытатын бұл пештерді алыстан сатып әкелудің қажеті жоқ. Биоқазандықтар өндірісін жергілікті зауыт жолға қойды.

Жоғары қарай