Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Сириядағы соғысқа аттанған Диас: Жейтін тамақ таппай, шөп жеп, лас су ішіп күн көрдік

2019 жылдың 21 қазан 2019 10:00

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Жусан-2» операциясы арқылы Сириядан оралған 18 жастағы жігіт радикалды ағымның жетегінде кеткеніне өкінеді.

Қазір ол еліміздегі түрмелердің бірінде жазасын өтеп жатыр. ҚР ҰҚК сотты болған Диастың әңгімесін видеоға түсіріп жариялады.

Диас Амангелді 2001 жылы дүниеге келген. Діни лақап аты- Мұхаммад Қазахи. Ол отбасы мүшелерімен 2015 жылы Түркия арқылы Сирия аумағына өтіп «ДАИШ» ұйымына қосылған.

ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бабы 2-тармағымен (Террористік ұйымды құру, басшылық жасау және мүшелік ету) қозғалған қылмыстық іс аясында Интерпол бағыты бойынша халықаралық іздеуге жарияланған. 2019 жылдың ақпан айында «Сирия демократиялық әскеріне тұтқынға түсіп, 7 мамырда «Жусан-2» арнайы операциясы арқылы елге қайтарылды. Соттың шешімімен алты жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір жазасын өтеп жатыр.

«Мен қазір 18 жастамын. Мен 14 жасымда отбасыммен Сирияға кеттім. Анашым, әкем, бауырларым мен бір әпкем бар. Үлкен ағам 2016 жылы маусым айында сол жақта қайтыс болды. Әкем бір жылдан кейін, 2017 жылы мерт болды. Екінші ағам Абзал 1992 жылғы қазір Астанада тергеліп жатыр. 24 жастағы әпкеме де іс қозғалды. Анашым екі інімен үйде»,- дейді жазасын өтеп жатқан Диас.

Сирияда Қазақстанан барған отбасын екі адам күтіп алған. Содан кейін еркектерді бөлек, анасы мен қызын бөлек алып кеткен.

«Анашым мен әпкемді әйелдерге арналған жатақханаға алып кетті. Бізді дайындық лагеріне алып келді. ДАИШ-тың құрамындағы адамдар бізге қару жарақты қолдануды үйретті. Сондай-ақ Алла жолында өлуге дайын болу керектігімізді баса айтты»,- дейді Диас.

Бала Диас үшін бастапқыда бәрі қорқынышты болған. Автоматтың даусын алғаш естіген кезде қорыққанынан жүре алмай бір орнында тұрып қалыпты.

«Басында қорыққаннан аяқтарым жүрмей қалды. Автоматтың атылғанын алғаш естуім еді. 3 ай дайындықтан өттік. Мен келген кезде қазақтардың көбі қайтыс болған екен. Дайындықтан соң отбасымызбен қауышып, бір үйде тұрдық», - деді ол.

Диастың ағасы бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтанға барып, радикалды діни ұстанымды насихаттаушылардың арбауына түсіп, кейін жат дінді отбасына насихаттай бастаған. Нақтырақ айтқанда әкесін осы дінді үстануға үгіттеген.

«Басында әкем қарсы болған, соғысты қабылдай алмады. Бірақ, ағам сол жақтың адамдарымен сөйлестіріп, алып келген дін бойынша дәлелдер айтып көндірді. «Зелло» деп аталатын арнайы жол көрсететін адамдардың тобы бар екен. Олар бізді Сирияға өткізіп беретін болды. Алғашында әкем «ағаң екеуміз барамыз» деді. Бірақ, сол топтың жетекшісі Абдулсаид бұл жақта өмір бар екенін айтып, Халифат жерінен видеолар жолдады. Бізді «соғыс алыс жақта болады, Сирияның орталығында тұрасыңдар» деп сендірді», - дейді Диас.

Әкесі мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болған, бірақ, оқушылардың ешқайсысын бұл жолға тартпапты. Себебі, егер әкесі үгіт-насихат жүргізетін болса, ұсталу қаупі бар еді. Олардың елден кеткенін ешкім білмеген, өйткені, барлығын құпия сақтапты.

«Әкеммен Сирияда 2,5 жылдай бірге өмір сүрдік. Ағам бұл жерге өлу үшін келгенін айтып, өзін соған толықтай дайындады. «Өлгенше соғысатын боламын» деген ұранмен өмір сүрді. Біз шешен жамағатының қарамағында болдық. Жетекшісі шешен ұлтының азаматы еді. Кейін менталитетіміз олармен үйлеспегендіктен бізді қазақ жамағатына ауыстырды. Олардың басты уағызы - Алланың жолында өлу. Басында барған кезде олар маған лақап ат таңдап берді. Өз атымызды құжатқа жазып қойды, «Соғысасың ба?» деген сұрағына мен «жоқ» деп жауап бердім. Егер басқа ел болғанда «жоқ» дегенім үшін мені комитетке өткізіп жіберетін еді, елдің шпионы деп ойлап. Мені соғысқа қорғаныс шебімен аттандырды. Себебі, сол уақытта соғыстың қызып тұрған кезі болатын. Ағамның өлі денесін соғысты насихаттайтын, жетістіктерін жариялайтын Youtube арнасындағы «Сана» жаңалықтар агенттігінен көрдім. Сирияның ресми әскерінің қолынан қайтыс болды», - деп баяндады жас жігіт.

Әкесі қайтыс болған соң, екі інісінің болашағына алаңдаған ол елге қайтудың амалын іздестіре бастапты. Айналасында болып жатқан оқиғалардан соң, көзі ашылып, отбасын қалай да аман алып кету жағын қарастырған.

«Мүмкіндік тауып, елдегі туысқандарыма алғашқы хатымды жолдадым. Біздің елге қайтуымызға көмек сұрадым. Елге қайту үшін ДАИШ құрамынан шығуымыз керек болды. Бірақ, ол жерден оңайлықпен шығармайды. Енді ДАИШ-ке қызмет етпейтініңді білсе, сол Сирияның түрмесіне қамап тастайды. Үнсіз өз жоспарымызды құра бастадық. Бірақ, тізім бойынша мені таппаған соң, үйге баса көктеп, бетіне маска киген, қаруланған 10 шақты сарбаз кіріп келді. Мен басқа бөлмеге тығылып қалдым. Сол күні ағамды ұстап әкетті. Сирияның түрмесіне 4 ай қамалатыны туралы үкім шығарды. Бірақ, олар ағама талап қойды. «Інің бар екенін білеміз, егер соны бізге жіберсең, сені босатамыз, 4 күн уақыт береміз» деп айтыпты. Мен, амал жоқ, ағам үшін өзім арнайы жасақтар отырған жерге баруға шешім қабылдадым. Мен сол жерге жақындаған кезде соғыс басталып кетті. Біз артқа шегіндік. «Суса» деген ауылға келдім. Абзал ағам сол ауылдан елге қайтатын жолды біледі екен. Не болса да осы жолға ілесіп алу керек болды. Бірақ, ол жерге шетелдік азаматтарды алмайды екен, арнайы жасақтан қорқады екен. Түнде анашымды, Абзал, мен, екі інімді алып кету керек болды. Жол көрсететіндер әр адам басына 100 доллардан сұрады. Жейтін тамақ таппай, шөп жеп, лас су ішіп күн көрдік», - деп мұңаяды Диас.

Сирияда әділеттік жоқ екенін, осындай күйге түскеніне, елден кеткеніне өкінетінін айтты.

«Екі інім әке-шешесіз қалды, мен түрмеде отырмын. Үлкен ағам мен әпкем тергеуде жатыр. Барлығымыздың өміріміз құрыды. Олардың бір-бір отбасылы болып отыратын уақыты еді ғой. Ағам теріс жолға кетпегенде, қазір барлығымыз бүтін, бақытты өмір сүретін едік. Басыма таяқ болып тиді. Радикалды бағыттың не екеніне анық көзім жетті», - деп Диас жан сырын ақтарды.

Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Сирия, Дін, Алматы,
Жоғары қарай