Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 366.43
EUR 420.11
RUB 5.58
CNY 52.87

Силикон алқабындағы қазақ жастарын қолдау керек - Бағдат Мусин

2018 жылдың 12 қазан 2018 16:19 326

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпкер, BelnTech технологиялық компаниясының басшысы Бағдат Мусин жас бағдарламашыларды индустриялық стартаптарды көбейтуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Америкадағы танымал Силикон алқабында екі ай болдым және әлемнің чат, бот, әлеуметтік желі сынды жеңіл дүниелерден алшақтап бара жатқанын түсіндім. Олардың небір түрлері шығып және заманы өтіп кетті, ал біздің бағдарламашылар әлі де оған қызығушылық танытып келеді. Оның үстіне әлемде ұсақ-түйек стартаптарды сатып алатын ірі ойыншылар пайда болды. Керісінше, индустриялық стартаптар өте аз және осы бағытқа көбірек мән берген жөн», - деп атап өтті Бағдат Мусин Астанада Qazaqstan Technology форумында.

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасының мұнай, ауыл шаруашылығы сынды шикізаттық тіректері бар және бұл - индустриялық стартаптарды дамыту үшін үлкен мүмкіндік.

«Бір қызығы, Қазақстандағы стартаптар е-КСК  сынды мемлекеттік мәселелерді шешуге арналған. Жас бағдарламашыларды индустрияға көңіл бөлуге шақырамын. Силикон алқабында жасанды интеллект пен үлкен деректерді білетіндер емес, индустрияда жұмыс істеген, нақты бір мәселенің шешімін ұсынған мамандар жоғары бағаланады. Яғни, қазіргі уақытта университетті бітіріп, кезекті бір әлеуметтік желі немесе e-commerce жасаудың қажеті жоқ. Нақты физика-техника бағытында оқып, ауыл шаруашылығына барып, мәселе шешкендер аз. Ондағы бәсекелестік орта әлі бос. Осы бағытта индустрияға қажетті пайдалы стартаптарды жасау керек», - деп өз сөзін жалғастырды Б. Мусин.

Сонымен бірге, Б. Мусин кәсіпкерлерді Қазақстанда ғана емес, әлемнің кез келген бұрышында қолдау қажеттігін еске салды.

«Силикон алқабында жұмыс істеп жүрген, биікке талпынып жүрген қазақстандықтар бар. Біреуінің жолы болады, енді біреуінің тауы шағылады. Кәсіпкерлерге қолдау білдіруді ойлағанда тек қана Қазақстандағы кәсіпкерлерді ойлаймыз. Шетелдік нарықта жүрген қазақстандықтарды да ұмытпау керек. Ол үшін Силикон алқабында шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандық инноваторларға қолдау көрсететін Digital елшілік ашу керек», - деді Бағдат Мусин.

Силикон алқабы - АҚШ Калифорния штатының оңтүстігінде орналасқан жоғары технологиялар индустриясының орталығы ретінде танылған аудан. Силикон алқабында компьютерлер және оның жабдықтары, әсіресе микропроцессорлар, бағдарламалық жасақтамалар, мобильдік байланыс құрылғыларын өндіретін компаниялар көптеп орналасқан.

Жоғары қарай