Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Шымкенттік кардиологтар ресейлік дәрігерлермен тәжірибе алмасты

2019 жылдың 26 мамыр 2019 05:19

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі кардиологиялық орталықтың мамандары ресейлік дәрігерлермен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған орталықта Ресейдің Самара қаласы мемлекеттік медициналық университетінің сәулелі және ультрадыбыстық диагностика кафедрасының доценті, медицина ғылымының кандидаты Ольга Терешина «Функционалдық диагностика мәселелері» атты халықаралық шеберлік сабағын өткізді.

Семинарда жергілікті мамандар шетелдік маманмен диагностикалаудың заманауи әдістерін жасауда тәжірибе алмасты.

«Емдеудің нәтижелі болуы - диагностиканы дұрыс қоюға байланысты. Өйткені, ауруды ерте анықтағанда онымен күресу әлдеқайда жеңіл. Техника күн сайын дамып жатқандықтан, мамандар жаңа құрылғылармен жұмыс жасауды жылдам меңгеруі тиіс. Шымкенттік дәрігерлермен шеберлік сабақта жаңа технологиялармен жұмыс істеудің тың әдістерімен бөлістік», - деді Ольга Терешина.




nullШымкенттік дәрігерлердің айтуынша, қаладағы медициналық ұйымдар соңғы үлгідегі диагностикалық құрылғылармен жабдықталған. Әрі білікті мамандар да жетерлік.

«Қаладағы 5 емханада, қалалық диагностикалық орталықта және аудандарда 26 стационарларда жүрекке диагностика жасайтын УДЗ құрылғылар орнатылған. Жүректі диагностикалау жылдан жылға жаңарып отырғандықтан, мамандардың біліктілігін артырып отыру қажет. Мамандар бұрын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ұлттық орталықтарда біліктілік арттырса, енді ресейлік мамандарды өзімізге шақыртып отырмыз», - дейді Кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Г.Шекербекова.

Жуырда аталған орталыққа эксперт класының ультрадыбыстық диагностикалық құрылғысы жеткізілмек. Мамандар бұл құрылғының 3D, 4D режимде көруге мүмкіншілік беретінін айтады.

Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Ресей, Медицина, Шымкент,
Жоғары қарай