Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Шымкентте жұмыспен қамту орталығының экс-директоры сотталды

2020 жылдың 25 ақпан 2020 09:33

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте халықты жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директорына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттың мәліметінше, Асылжан Жамалбеков 2015-2017 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығында директор қызметін атқарып жүріп, өз міндеттеріне ұқыпсыз қараған. Салғырттық танытып, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын бекіту туралы» қаулының талаптарын сақтамай, республикалық бюджеттен бөлінген трансферт қаражаттың мақсатты жұмсалуына тексеру мен бақылауды өз деңгейінде жүргізбеген. Салдарынан сотталған И.Т.Джунусалиева және басқа тұлғалар жеке кәсіпкерлердің есепшотына мемлекет қаражатын негізсіз аударған.

Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының 24 ақпандағы үкімімен Асылжан Жамалбеков ҚК 371-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, үш жыл мемлекеттік мекемеде басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ оған 2000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 4 млн 538 мың теңге айыппұл салынды.

Асылжан Жамалбеков сот үкiмі заңды күшiне енген күннен бастап бiр ай ішінде айыппұлды төлеуге мiндетті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.






Жоғары қарай