Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Шымкентте жоғалып кеткен 4 жастағы бала шөп арасында ұйықтап жатқан жерінен табылды

2019 жылдың 19 наурыз 2019 11:00

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жоғалып қалған 4 жасар бүлдіршінді 500-ге тарта полицей түні бойы іздеді. Сөйтіп таңғы сағат сегіздер шамасында баланы «Альфа» атты иісшіл ит шөп арасында ұйықтап жатқан жерінен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 жасар баланың жоғалғаны туралы анасы түнгі 22:30- да полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Осыдан кейін бүлдіршінді табу үшін криминалдық, жергілікті полиция қызметі, патруль полиция полкі, кинология қызметінің, Қаратау АПБ тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жедел-іздестіру тобы жасақталып, түні бойы іздеу жұмыстарын жүргізді.

«Полиция қызметкерлері сол мөлтекаудандағы әрбір шаршы метрді тыңғылықты қарап шыққан. Нәтижесінде «Альфа» есімді қызметтік ит 3 шақырымдай із кесіп, баланы баудағы шөп арасынан ұйықтап жатқан жерінен тапты. Жоғалған бала ата-анасына қайтарылды. Баланы іздестіру жұмыстарын жіті бақылауында ұстаған департамент бастығы, полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов баланы ата-анасына табыстап, жеке құрамға жедел түрде кәсіби шеберлік көрсеткені үшін алғыс айтты. Баланың ата-анасы, көрші-қолаң, туыс-туғандары полиция қызметкерлерінің жеке құрамына ризашылығын білдірді» делінген хабарламада.

Жоғары қарай