Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Шымкентте Ұлы дала өркениетіне арналған халықаралық жиын өтті

2019 жылдың 22 ақпан 2019 11:20 3959

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Ұлы дала өркениетінің мәні мен құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен шараға алыс-жақын шет мемлекеттерден келген қоғам қайраткерлері мен ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғылыми конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған бастамаларды жүзеге асыру жолдары талқыланып, қолға алынған игі шаралар сараланды. Алқалы жиынды аталған оқу орнының ректоры, академик Дария Қожамжарова ашып, Мемлекет басшысы мақаласында қазақ деген ұлттың халықаралық аренадағы өзіндік орны бар екенін айқындап бергенін атап өтті. Мақала еліміздің тарихи сахнада өткені мен бүгіні  және болашағы зор екенін анықтауға септігін тигізгенін жеткізді. 

«Елбасы мақаласы Ұлы дала өркениетінің маңызы мен құндылықтарын терең түсінуге, ауқымды зерттеулерді жүргізуге қазақстандық ғана емес, орталық Азия және түркітілдес қоғамның назарын өзіне аударды. Аталған мақала түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға үңілуге мүмкіндік береді. Конференцияда ежелгі Түркістан, Отырар қалаларының, Ұлы Жібек жолының құндылығы, ұлы есімдердің, ойшылдар мен ақындардың, ел билеген тұлғалар бейнесі кеңінен талқыланады», - дейді Дария Қожамжарова.

null 

Басқосуда 200-ге жуық мақала талданып, пленарлық және секциялық мәжілістерде 67 баяндама тыңдалды. Сонымен қатар, Түркияның Мармара университетінің профессоры Женгиз Томар мен филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, белгілі ғалымдар Құлбек Ергөбек пен Мұхтар Қожа, қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов пен Әселхан Қалыбекова сынды азаматтар сөз сөйлеп, тағылымды ойларымен бөлісті. Жиынға қатысушылар пленарлық отырыстан соң оқу орнының жанындағы «Мұхтартану», «Елбасытану» ғылыми-әдістемелік орталығының қызметімен, онда қолға алынып жатқан жобалармен танысты.

Сондай-ақ, шара аясында Әуезов университеті ғалымдары мен студенттерінің ғылыми жетістіктерінің көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Алдағы уақытта конференция материалдары негізінде арнайы ғылыми жинақ шығару жоспарланып отыр. 



null 

 

Жоғары қарай