Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Шұбат пен қымыз Қытайға экспортталады

2019 жылдың 14 қазан 2019 14:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде құрғақ шұбат пен қымызды Қытайға экспорттағысы келетін кәсіпкерлер бар. Қытай тарапынан да бұл өнімдерге қызығушылық жоғары. Бұл туралы Дүниежүзілік стандарттар күніне орай өткен форумда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрғақ шұбатқа келетін болсақ, Түркістан облысында Golden Camel деп аталатын үлкен инвестициялық жоба бар. Бүгінгі форумда айтып өткенімдей, ол компанияның өнімдері Қытай стандарттарына сай», - дейді «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова.

Бұдан бөлек, Қытайдың стандарттау органы - сүт өнімдері қауымдастығы стандарты негізінде ұлттық стандартын жасауды қолға алған.

«Қытай стандартын қазақстандық өнімге қолдануға рұқсат алуымыз керек болды. Қажетті құжатты жіберіп, рұқсат алдық. Бұл қазақстандық компания Қытайдағы сүт өнімдері қауымдастығы стандартын қабылдау құқығын алды. Бүгінгі таңда құрғақ шұбат Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық талаптар бойынша қол қойған хаттамаға кірді. Бұл хаттама осы өнімді экспорттауға жол ашады», - дейді Еркежан Әмірханова.

Сондай-ақ, Еркежан Мағауинқызы Қытайда құрғақ шұбатқа қатысты стандарт жоқ екенін айтты.

«Қымыз – ерекше өнім. Қытайлар бұл өнімді көп тұтына бермейді, бірақ бүгінгі таңда қызығушылық артып келеді. Оларда қымызға қатысты стандарт жоқ болғандықтан, өзіміздің ұлттық стандартымызды ұсынып, қытай тіліне аударып бердік. Одан кейін бұл стандарт Қытайдың денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып, арнайы зерттеуден өтеді», - дейді ол.

Қытайдың денсаулық сақтау министрілігі тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты қосымша талаптар қосуды ұсынған.

«Біз олардың талабын орындадық, енді жауап күтіп отырмыз. Олар біздің ұлттық стандарт негізінде қымызға қатысты Қытайдың ұлттық стандартын жасайды. Техникалық талаптарды орындау өте маңызды. Қытайлар үшін қымыздың дәмінің ащылығы таңсық дүние болды. Ал бұл - біз үшін қалыпты жағдай», - дейді Еркежан Әмірханова.

Автор: Зарина Қаһарман

Жоғары қарай