Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

ШҚО-да биыл 21 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды

2019 жылдың 17 тамыз 2019 12:30

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауапты сала мамандары мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Брифинг барысында балаларды бірінші сыныпқа 6 жастан бастап қабылдау туралы норманың енгізілуі туралы кеңінен талқыланды. Брифинг барысында мәлім болғандай, жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныпқа 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толған балалар мен ағымдағы жылдың соңына дейін 6 жасқа толатын бүлдіршіндер қабылданады. Алайда бұл жағдайда ата-ананың пікірі де ескеріледі.

Айта кетейік, 1 сыныптың табалдырығын аттайтын балаларға білім бағдарламасының шарты бойынша әріп оқыту, есеп шығару, жазу, сондай-ақ мәтін оқу үйретіледі. Ал мектепалды даярлығынан өтпеген балалар мектептердегі даярлық курстарына барады.

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап облыстағы мектептерде 1 сыныпқа баратын балалардың құжаттары электронды түрде қабылдануда. Қызметтің түрін ата-аналар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы www.vko.ddo.kz сайтынан ала алады. Аталмыш жоба ата-аналар үшін тиімді. Өйткені олар баласын мектепке үйден шықпай-ақ орналастыра алады. Сайт арқылы өтініштерді қабылдау 1 шілдеден 30 тамызға дейін қабылданады.

Брифинг барысында жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасына көшу мәселесі кеңінен талқыланды. Ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 4,9,10 сынып оқушылары осы бағытта оқитын болса, 11 сынып оқушылары келесі жылдан бастап бұл бағдарламаға қосылмақ. Сөйтіп, келесі жылы барлық мектеп жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасына көшеді.

- Биыл оқушыларды оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 2 млрд 383 млн теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес өңірдегі мектептерде білім алып жатқан барлық оқушы жаңа оқу жылының басында оқулықтармен қамтамасыз етіледі, - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.





Брифингте оқушылар планшеттер мен электронды оқулықтарды пайдалана ала ма? деген сауал қойылды. Оған жауапты сала мамандары әрбір оқушыда қағаз оқулықтары міндетті түрде болуы тиіс деп жауап берді. Бірақ сабақ барысында электронды оқулықтарды да пайдалануға рұқсат беріледі екен. Дегенмен бұл мәселе Білім және ғылым министрлігінің құзіретінде екенін атап өткен орынды.

1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Осы орай аталмыш акция биылдан бастап ағымдағы жыл соңына дейін өтетінін айта кеткен орынды. Акция аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларындағы 33000 мыңнан астам баланы қолдау жоспарланып отыр, бұл мақсатта жалпыға міндетті оқу қорынан 2 млрд теңге бөлінеді.

Бүгінде біздің облыста бюджет қаржысынан тыс демеушілер мен меценаттар 14 343 балаға 157 млн теңге көлемінде көмек көрсетті.

Өңірдегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар тегін мектеп формасымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Өңірде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Менің мектебім» жобасы жүзеге асырылуда. Мұндағы басты мақсат - аймақтағы жаратылыстану пәндері бойынша заманауи материалдық базаны құру және оқу үрдісіне ІТ технологияларын енгізу.

Әсем Нүсіпованың айтуынша, аталмыш жоба аясында екі жылдың ішінде өңірдегі 655 мектепте ІТ сыныптары ашылған. Биыл 378 ІТ сыныбы қолданысқа берілді. Оған облыстық бюджеттен 899 млн теңге жұмсалған.

Оқушылар ІТ бағдарламаларды меңгеруі үшін Семей қаласындағы Электротехникалық колледжі мен Өскемен қаласындағы Политехникалық колледжі базасында 3-11 сыныптарда сабақ беретін оқытушыларды ІТ бағдарламалары бойынша оқыту ұйымдастырылды. Екі жыл ішінде 1127 мұғалім курстық даярлықтан өтті. Оның ішінде 2019 жылы шағын жинақталған мектептерден келген 573 мұғалім бар.

Облыста 2016 жылдан бастап үштілдік білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында күні бүгінге дейін 8 мыңнан астам оқытушы білімін жетілдірді. Оның ішінде 500 физика, биология, химия, информатика пәндерінің мұғалімдері бар.

Облыстағы 11 мектепте ағылшын тілінен бөлек, француз тілін де оқыту қолға алынады. Бүгінгі күнге 200 оқушы француз тілінде білім алып жатса, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап олардың саны 1000 балаға жетеді деп күтілуде.

Жаңа оқу жылында облыстағы 655 мектепте 193 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал бірінші сыныпқа 21 мыңнан астам бүлдіршін қабылданады.

Ағымдағы жылы алғашқы қоңырау күні жексенбі күнімен тұспа-тұс келіп тұрса да, салтанатты шара өтетін болады. Ал мектеп оқушылары мен колледж студенттері 2 қыркүйектен бастап оқуға кірісе алады.

Айта кетейік, өңірімізде республикалық бюджет есебінен 2600 орындық үш мектеп салынуда. Оның ішінде, екеуі облыс орталығында бой көтерсе, біреуі Тарбағатай ауданында (Ақжар ауылы) ашылады.

Өскемен қаласында пайдалануға берілетін екі мектептің бірі 1 қыркүйекте, қалған екі мектеп ағымдағы жылдың қазан айында ашылады.

Жоғары қарай