Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

ШҚО-да астық жинау науқаны қызу жүріп жатыр

2019 жылдың 19 қыркүйек 2019 21:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл аймақтағы егістік жердің аумағы 1356,2 мың гектарды құраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Аталған аумақтың 40,6 пайызына бидай және бұршақ дәнділер, 35,5 пайызына май дақылдары, 21,5 пайызына жемшөп, 1,3 пайызына картоп егілген.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Владимир Гайламазянның айтуынша, егін жинау жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 3,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде қаражаттың бір бөлігі тұқым шаруашылығын қолдауға, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандатуға бағытталған. Көктемгі егіс жұмыстарына 54 тауар өндіруші «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2 млрд 127,3 млн теңге несие алған.

«Қазіргі уақытта дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Жалпы 549,9 мың гектар аумақтың 488,6 мың гектары немесе 90 пайызы жиналды. Жалпы астық жинау болжамында айтарлықтай оң нәтиже байқалады. Осы маусымда «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ жемдік және азық-түлік бидайын шектеусіз сатып алуды бастады. Сатып алу бағасы астық сапасына байланысты. 3-4 санатты бидайдың тоннасы 57-тен 70 мың теңгеге дейін болады», - делінген хабарламада.

Облыс аудандарында майлы дақылды жинау жұмыстары да басталып кеткен. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинаған шаруалардың жұмысы қызу.

«Жалпы, қажетті материалдық-техникалық құралдар мен басқа да материалдық ресурстардың толықтығы облыс аграрларына оңтайлы мерзімде егін жинау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жалпы сомасы 10,7 млрд теңгеге 554 техника сатып алды. Облыстың шаруашылықтары мен элеваторларында қуаттылығы әртүрлі 90 кептіргіш, 3 248 астық жинау комбайны бар. Шаруашылықтарға 30 мың тонна дизель отыны қажет. Оның 25 мың тоннасын ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлген. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауыл шаруашылығы басқармасы министрлікке қосымша 5 мың тонна дизель отынын бөлу жөнінде сұраныс жіберді», – деп атап өтті Владимир Гайламазян.


Жоғары қарай