Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Шетелдіктердің Қазақстанға келуін жеңілдету жұмысы қалай жүргізіліп жатыр

2019 жылдың 30 қазан 2019 18:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шетелдіктердің Қазақстанға келуін жеңілдету жұмысы қалай жүргізіліп жатыр? Жеңілдетілген тәртіптер легі туралы ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы сөз қозғаған мәселе бойынша, атап айтқанда шетелдіктердің тіркеуін жеңілдету туралы бастама кең талқыланып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстан ратификациялаған келісімге сәйкес, елде тіркеуден өтуден 30 күнге дейін 57 мемлекеттің азаматы босатылған. Яғни, ол елдің азаматтары мемлекеттік шекарадан өткен кезде-ақ тіркеуден өтеді. Ол туралы, бәлкім, Қазақстанға келген визасы бар шетелдік білмеуі де мүмкін. Бірақ, мұндай тәртіп біздің елде күшінде», - деді Галина Сәрсенова ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет өкілінің айтуына қарағанда, 2018 жылы Қазақстанға шетелден шақырылған азаматтарды тіркеу процесі енгізілген. Яғни, шақыртуды тапсырып, елге кіру үшін визаны алар кезде шетел азаматы қай жерде болатынын, кімнің шақыртқанын, қандай мақсатта келгенін бірден көрсетеді. Ол мәліметтің бәрі осыдан кейін тиісті «Бүркіт» атты ақпараттық жүйеге енгізіледі.

«Сол жүйеде еліміздің қай жерін аралайтыны да көрсетіледі. Аталған қызмет шетелдіктерді электронды түрде тіркеу мүмкіндігіне жол ашты. Сондықтан, бұл жағдайда да тіркеу жүргізілмейді. Қазіргі таңда біздің елімізде 9 мемлекеттің азаматы полицияға келіп тіркелуі тиіс. Олар: Аргентина, Армения, Грузия, Молдова, Моңғолия, Әзербайжан, Сербия, Гон-Конг (Қытай) және Өзбекстан. Тіркеу туралы бұл нормалардың барлығы да бұрын мемлекеттер арасында бекітілген халықаралық келісімдерге негізделген», - деді ол.

Галина Сәрсенованың сөзіне сенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 17 Көші-қон халыққа қызмет көрсету орталығы бар.

«Тіркеуден өтуі тиіс шетелдік азаматтар сол орталыққа бара алады. Ол жерде уақытша келген орны тіркеліп, автоматты түрде еңбек патенттері беріледі. Қазіргі уақытта ХҚО-ларда Қазақстан аумағына шақыртуды электронды түрде ресімдеу, шетелдіктің өзінің миграциялық портал арқылы тіркелуі қолжетімді. Биыл осы қызмет арқылы 100 мың шетелдік портал арқылы тіркелді. Қазіргі уақытта «Е-отель» арнайы жүйесін енгізгелі жатырмыз. Ол бойынша, заңды тұлғалар, оның ішінде қонақ үйлер шетел азаматын орналастырумен бірге ел аумағына тіркей алады. Яғни, қонақ үйлердің әкімшілері шетел азаматын ХҚО-ға сандалтпайды. Сонымен бірге, СМС-хабарламаны визалық миграциялық порталға хабарлама жібере алады. Аталмыш портал шетелдіктің Қазақстанда жүруін үйлестіре алады», - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте жуық арада шетелдіктерді міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен құтылу керектігін мәлім еткен еді.

Жоғары қарай