Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Шетелдік дәрігерлерді таңдағанда нені білу қажет

2019 жылдың 17 сәуір 2019 21:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Садуақас Байғабылов шетелдік маманға қаралмастан бұрын не істеу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күні еліміз аумағында шығатын бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда шетелдік дәрігерлердің медициналық қызмет көрсететіндігі жайлы хабарландырулар жиі жарияланады.

«Елімізде медициналық қызмет көрсетуді, оның ішінде кеңес беруді жоспарланған барлық шетелдік мамандар ең алдымен клиникалық тәжірибеге рұқсат етілгендігі туралы сертификат алуы тиіс. Осыдан кейін ғана шетелдік дәрігер заңды түрде Қазақстан аумағында медициналық қызметіне кірісе алады. Дегенмен, қазіргі уақытта еліміздегі бірқатар медициналық ұйымда, оның ішінде жекеменшік клиникаларда шетелдік мамандар медициналық қызметпен айналысуға рұқсат алмастан «жасырын» медициналық қызмет көрсетеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұндай «жасырын» медицина мамандарының қызметіне жүгінетін тұрғындар өздерінің денсаулықтарын қауіп тудырады. Себебі «бір күндік» шетелдік мамандар бір қаладан екіншісіне «көшіп» жүреді.

«Сапасыз медициналық көмек көрсетілген немесе денсаулығына зиян келген жағдайда тұрғын оған қайта жүгіне де, шығынын өтей де алмайды. Себебі олар бұл уақытта басқа өңірде жүреді не Қазақстаннан тысқары шығып кетеді. Ал «жасырын» шетелдік дәрігердің «қателігін» түзеу, оңалту процедурасы отандық дәрігерлердің иығына артылады», - деді департамент басшысы.

Осы ретте ол елордалық тұрғындарға шетелдік дәрігерге қаралмастан бұрын оның ел аумағында медициналық қызмет көрсетуге сертификатының бар-жоғын тексеруге кеңес береді.

«Осыған орай, елорда тұрғындарын шетелдік дәрігердің жазылуына жазылмас бұрын оларда маманның клиникалық тәжірибені жүзеге асыруы үшін сертификаты бар-жоғын сұрауға шақырамыз. Сертификат 5 жылға береді және Қазақстан аумағына жарамды болады. Департамент 2018 жылы шетелдік мамандарға 33, ал жыл басынан бері 10 сертификат берді. Шетелдік дәрігерлерді таңдауда абай болыңыздар», - деді Садуақас Байғабылов.

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Медицина, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай