Ауа райы
Нұр-Сұлтан 11 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Шетел қазақтарының футбол додасы мәресіне жетті

2019 жылдың 28 сәуір 2019 21:51 1856

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шетелден келген қазақ жастарының қатысуымен өткен шағын футболдан халықаралық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнгі жалғасқан спорттық жарысқа  қандастарымыз жиі қоныстанған Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Ресей, Қырғызстан тәрізді алыс-жақын шет елдермен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және облыстардан барлығы 22 команда қатысты.



nullЖас ерекшеліктерін қарай 30-ға дейінгі және 30-дан кейінгі командалар болып екі топқа бөлінген ойыншылардың ішінен, финалға жолдама алған 8 команда жүлделі орындарға таласты.

Сонымен, 30 жасқа дейінгі жастар арасында Ресейдің Орынбор қаласынан келген «Байтерек» командасы бас жүлдені қанжығаға байлады. Екінші орынды Алматылық «Бірлік -керуен» командасы алды. Ал, Қарағанды облысы атынан өнер көрсеткен «Зарапшан» командасы үшінші орынға табан тіресе, өскемендік «Жеті Қаба» командасы үздік төрттікті түйіндеді.

30 жастан жоғары футболшылар тобынан бірінші орынды алматылық «Алаш» командасы иеленді. Екінші орын Өзбекстаннан келген «Құлагер» командасына бұйырса, елордалық  «Атамекен» командасы жүлделі үшінші орынға қол жеткізіп, ұстаздардан құралған «Зерделі» командасы төртінші орынды қанағат тұтты. Турнирде ерекше көзге түскен ойыншылар марапатталып, жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлық табысталды.



nullБиыл бесінші рет ұйымдастырылған футбол  бәсекесі жекелеген атымтай жомарт азаматтардың қолдауымен өтті. 

«Осындай спорттық шаралар арқылы қазақ жастарының басын қосу, олардың рухын біріктіреді, бірлігімізді нығайтады. Алыстағы қазақ жастарының елге келуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл шара тек өзара допқа таласып мықтылықты анықтау емес, мәні терең мазмұны биік. Кешелі бері әр елде туып-өскен әр тілде сөйлейтін қазақ жастарының өзара шүйіркелесіп, қазақша сөйлесуге тырысып жатқаны қуантады. Біз кәсіпкер ретінде осындай ұлтты біріктеретін, рухты оятатын шараларды қолдауға әр қашанда  дайынбыз», -дейді шараның бас демеушісі «Асқар тау» компаниясының директоры Ернұр Болатұлы.



null Достық доп додасына алыстан  алыстан ат терлетіп келіп, бас жүлдені қанжыға байлап қайтқан «Байтерек» командасының ойыншысы Нұрсұлтан Маканов  Орынборда қазақ жастары жиі бас қосып тұратынын айтады.

«Бұл шара біздің көптеген қазақ жастарымен таныстырды. Мен Нұр-сұлтан қаласына бірінші рет келіп тұрмын қала ерекше ұнады. Бұл додаға жақсы дайындалдық меніңше бәрі сәтімен бітті. Біз өткен жылы Алматыдағы әлем қазақтарының турнирінде бас жүлдені ұтып, осы кубокты  алып кеткен едік. Міне, Орынбордан арқалап келіп, қайта оны алып барамыз. Бұйырса келер жылғы додаға қатысуға дайынбыз», - дейді ол.

Айта кетсек, шараны «Отандастар қоры» КЕАҚ және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

 

 

Автор: Ризабек Нүсіпбекұлы
Басты сөздер: Спорт, Қандастар,
Жоғары қарай