Ауа райы
Нұр-Сұлтан 17 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 380.56
EUR 430.15
RUB 6.02
CNY 55.55

Шайдың пайдасы мен зиянын зерттеген ақтаулық оқушы Ресейде үздік атанды

2019 жылдың 3 сәуір 2019 20:19 1630

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Мадина Ғабдолла Санкт-Петербург қаласында өткен «Химия: ғылым және өнер» атты ІХ халықаралық ғылыми жобалар және олимпиада байқауында топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Байқаудың қорытынды кезеңінде жалпы 70 зерттеу жұмысы қорғалған. Жас зияткер «Химиядағы алғашқы қадамдар» секциясында жеңімпаз атанды. 7-сынып оқушысы қазылар алқасының алдында «Біз ішетін шай» тақырыбындағы зерттеу жұмысын ұсынды. Оның айтуынша, ол химия пәні мұғалімі Айбар Мұрзабековпен бірге  күнделікті өмірде тұтынатын шәй түрлерінің құрамын зерттеген.

«Біз үнемі шайға қатысты «тым ащы екен», «шығымы жақсы екен» не болмаса «дәмі нашар екен» деген  әртүрлі пікірлерді естіп жатамыз. Бірақ оның құрамында не бар, қандай химиялық элементтер кездеседі, олар ағзаға қаншалықты зиян немесе пайдалы екендігін ойланбаймыз. Сол себепті оның құрамын анықтауды жөн көрдік»,-дейді оқушының ғылыми жетекшісі Айбар Бейбітұлы.

Аталған тақырыптағы зерттеу жұмысы биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанында басталған. Осы күнге дейін бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізілген.

«Зерттеу үшін біз шайдың 4 түрін алдық (қара «Ассам» шайы, «Bayсe» көк шайы, «Принцесса Ява» каркаде және «Lipton» шайы). Зерттеу барысында кофеин мен танин мөлшерін анықтау үшін лабораториялық жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде кофеин мен таниннің ең көп мөлшері қара «Ассам» шайынан анықталды», - дейді жоба жайлы Мадина Ғабдолла.

Жеңімпаз сараптама жүргізе отырып, кофеге қарағанда шайдың пайдалы екенін анықтаған.

«Себебі шай құрамындағы кофеин адам ағзасына сіңеді және улану қаупі төмен»,-дейді ол.

Тағы бір қызығы, жоба жетекшісімен бірге Мадина Тибеттің кейбір өңірлерінде шайды қантпен емес, тұз қосып ішетінін білген.

«Осылайша, болашақта біз олардың қант орнына тұзды неліктен қолданатынын және оның адам ағзасына әсерін бақылаймыз», - дейді ол.

Санкт-Петебург қаласындағы мемлекеттік технологиялық университет пен Д.И. Менделеев атындағы Ресей химиялық қоғамының Санкт-Петербург қаласындағы бөлімі халқыаралық В.Я. Курбатов атындағы «Химия: ғылым мен өнер» атты байқау-олимпиадасын 2010 жылдан бері өткізіп келеді. Осы жолы сайыс Менделеев элементтерінің периодтық жүйесінің ашылуына 150 жыл толу мерейтойына орай ұйымдастырылды. 

 

 

Жоғары қарай