Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Сенаторлар көктемгі егіс жұмыстары кезінде дизель бағасын 50 пайызға арзандатуды ұсынды

2020 жылдың 9 сәуір 2020 13:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаттары Үкіметтен шаруаларға арналған дизель отынының 50 пайызға дейін арзандатуды ұсынды. Осы проблема бойынша сенаторлар Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген жеңілдетілген жанар-жағар майдың бағасы әлі де қымбат. Соңғы екі айдың көлемінде әлемдегі мұнай бағасы 2-2,5 есе төмендеді. Ал біздің мұнай өңдеу зауыттарынан шығарылатын дизельдік отынның бағасы 10 пайызға ғана арзандаған. Биылғы жылдың 1 наурызына дизель отынының 1 тоннасы 194 мың теңге болса, бүгін 174 мың теңгені құрап отыр. Яғни 1 литріне 145 теңгеден келеді. Олай болса ауылшаруашылығы тауар өндірушілері неге 165 теңгеден алуы керек?» - деді онлайн режімде өткен Сенат отырысында депутаттық сауалды оқыған сенатор Әли Бектаев.

Сенаторлардың пайымдауынша көктемгі дала жұмыстары үшін арзандатылған жанар-жағар майдың бағасы көшедегі май құю бекеттеріндегі емес, мұнай өңдеу зауыттарындағы бағадан 15 пайызға төмен болуы тиіс.

«Қазіргі қиын-қыстау кезеңде мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұнай өңдеу зауыттарының акционерлері де, тиісті министрлік басшылары да өзінің азаматтық позицияларын танытуы қажет деп есептейміз. Осылардың барлығын ескере отырып, ҚР Үкіметіне көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін жанар-жағар майдың бағасын 50 пайызға дейін арзандатып, шаруаларға уақтылы жеткізудің мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз», - дейді Әли Бектаев.


Жоғары қарай