Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Сенаторлар гектарлап жұлынып жатқан шұғынық гүлінің тағдырына алаңдаулы

2019 жылдың 19 маусым 2019 18:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемде сирек кездесетін шұғынық гүлінен айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл туралы бүгін Сенатта өткен «Қазақстандағы биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» атты Үкімет сағатында сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысына барған кезде мынандай бір жағдайға тап болдық. Біздің ата-бабаларымызбен бірге мыңдаған жыл бойы жасап келе жатқан бір киелі шөп, гүл бар. Оның аты шұғынық деп аталады. Шұғынық гүлі Қытай тауларында, Тарбағатайда, ішінара Алатауда өседі. Орталық Азияда басқа бірде-бір жерде кездеспейді. Қазіргі кезде осы гүлдің тамырындағы бір құртты алу үшін, жүздеген гектар шұғынықтың таудың етегіндегі алқабы құртылып кетіп жатыр. Одан қытайлар дәрі жасайды екен», -деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенатор егер дәл осындай жабайы жолмен гүлдерді құрту жалғасатын болса, онда біз әлемдегі сирек кездесетін гүлдің осы түрінен айырылып қалуымыз мүмкін екендігін баса айтты.

«Бүгінде мемлекетіміздің кең байтақ даласында өсімдік көп. Өкінішке орай, бізде өсімдік әлемін тек қана ерекше қорғалатын табиғи қорықтарда қорғаймыз. Қалған жерлерде, 70 млн жеріміздің 60 млн жеріндегі шөп ешқандай заңмен қорғалмайды», - деді осы мәселеге қатысты жауап берген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, еліміздің бүкіл аумағындағы өсімдіктерді қорғау үшін «Өсімдік әлемі туралы» заң қабылдау қажет. Қазіргі уақытта мұндай заңның тұжырымдамасы дайындалып та жатыр

«Заң қабылданғаннан кейін еліміздің кез келген жеріндегі өсімдік әлемін қорғауға мүмкіндік туады. Бүгінгі күнге қатысты айтар болсақ, шұғынық гүлін қорғау үшін аймақтарға нақты тапсырмалар берілген, бақылауда. Қызыл мияны да бақылауда ұстап отырмыз», - деді вице-министр.

Жоғары қарай