Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Сенат ҰҚШҰ елдерінің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты құжатты қабылдады

2019 жылдың 21 ақпан 2019 11:52

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы қарашада Минск қаласында қол қойды.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы сенімді нығайту шараларын дамыта отырып, тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуды жүзеге асырады.

«Құжат Қазақстанның халықаралық міндеттеріне қайшы келмейді. Келісім халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті нығайтады, шабуылдарға бірлесіп ден қоюдың тәжірибелік тетіктерін қалыптастырады, ұйым кеңістігінде сенім шараларын дамытады және нығайтады. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің технологиялық негіздерін пысықтауға бағытталған», - деді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Аманияз Ержанов.

Атап айтқанда, ұйым елдерінің мемлекеттік органдары компьютерлік шабуылдардың шығу көздерін табу үшін бірлескен іс-шараларды өткізуге ықпал етеді. Екіншіден, аса маңызды құрылымдарды қорғау мәселелерінде өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беріледі.

«Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қаржыны бөлуді қажет етпейді және теріс экономикалық әрі құқықтық салдарға әкеліп соқпайды», - деді вице-министр.

Жоғары қарай