Ауа райы
Нұр-Сұлтан 13 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 378.65
EUR 430.07
RUB 6.00
CNY 55.10

Семіздік қанымызда жоқ - нутрициолог-маман

2019 жылдың 13 сәуір 2019 19:07 1392

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне қарасты нутрициология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-диетолог, нутрициолог Майгүл Қайнарбаева ересектер арасындағы артық салмақ пен семіздіктің әлемде және Қазақстанда таралуының себеп-салдары туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасында артық салмақ және семіздік бойынша соңғы зерттеу 2014 жылы жүргізілген. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Қазақ тағамтану академиясымен бірлесе жүргізген зерттеу нәтижесінде ересектер тобының шамамен 21 пайызының артық салмағы бар екені анықталған. Сонымен бірге, балалардың 7%-ы, ересектердің 9%-ы семіздікке шалдыққан.  Соңғы уақытта бұл көрсеткіш басқа мекемелердің зерттеулеріне сәйкес 30% өскен.

«Семіздіктің қоғамымызда көбейіп жатқаны - өте қауіпті жағдай. Генетикалық тұрғыдан алсақ, семіздік біздің тегімізде жоқ. Оған әсер етіп отырған - қазіргі заманауи тамақтану түрінің өзгеруі. Соның ішінде, жартылай дайын, дайын, фастфуд өнімдерінің көбеюі тікелей қатысты болып отыр. Сондай-ақ, аз қозғалу да кері әсерін тигізеді. Физикалық жүктемемен айналысатын жұмыс түрінің аздығы да - бірден-бір себеп», - дейді алматылық нутрициолог-дәрігер, диетолог Майгүл Қайнарбаева.

Мамандар семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан және аз қимылдаудан пайда болатынын айтады. Артық салмағы бар адамдар жүрек-қантамыр ауруларына, жатыр мойны мен аналық, аталық бездер, сүт безі, тоқ ішек, бүйрек, бауыр және өт қабының қатерлі ісіктері, остеопороз, артрит, тыныс алу ағзаларының ауруларына жиі шалдығады. Сондай-ақ, бұл дертке шалдыққандардың өмір жасы да 7 жылға қысқаратын көрінеді.

«Артық салмақ пен семіздіктің денсаулыққа зиянды әсері өте жоғары. Соның бірден-бір себебі - дұрыс тамақтанбау. Семіздік салдарының 95% - дұрыс тамақтанбаудан болса, тек 5% ғана - басқа жағдайлар, оның ішінде ол тұқым қуалаушылық немесе эндокриндік жүйедегі ақаулардан туындайды», - дейді маман.





Барша әлемде жеткіліксіз салмаққа қарағанда артық салмақ пен семіздік өлім-жітімге көбірек ұшыратады. Диабет ауруының 44%-ы, жүректің ишемиялық ауруының 23%-ы, кейбір қатерлі ісік ауруларының 7-41%-ы артық салмақ пен семіздік әсерінен туындаған. Дене массасының индексі 25-тен артық немесе тең болса - артық салмақ бар деген сөз. Ал, дене массасының индексі 30-дан артық немесе тең болса - ол семіздік болып есептеледі.

«Адам кез келген жаста семіздікке ұшырауы мүмкін. Әсіресе, адам жасы ұлғайған сайын зат алмасу процесі өзгереді. Соған байланысты түскен тамақтың сіңірілуі де артық салмақ болып жиналуы мүмкін. Адам баласы ағзаға қанша тамақ түссе, соншалықты энергия жұмсауы керек. Ауыр, майлы, калориясы көп тамақтарды жеңіл сіңірілетін рационға ауыстыру керек. Сүт өнімдерін мейлінше көп қолданған дұрыс. Ет өнімдері де дастархан мәзірінде болуы керек. Бірақ күнделікті көп мөлшерде әсіресе, қызыл етті пайдалану керек емес, оны құс еті мен балық етіне алмастырған дұрыс. Сонымен қатар, көкөністер, жармалар болғаны жөн», - дейді сарапшы.

Нутрициолог-маманның сөзінше, қазір тамақ дайындау технологиясы өзгерген. Ал семіздіктен арылудың тиімді жолы - дұрыс түзілген тамақ рационына байланысты. Артық тамақтанудың алдын алу үшін организмге қажетті заттектердің уақытылы әрі қажетті мөлшерде түсіп отыруын әрдайым қадағалау қажет.

«Осы күні үйде отырған әйелдер, жаңадан босанған әйелдер артық салмақ жинағаннан кейін түрлі әдіске жүгінеді. Өздігінше арықтауға барынша тырысады. Ғаламтордан сан алуан ақпарат алып, соны қолдануға кіріседі. Өз бетінше түрлі шайлар, дәрі-дәрмектер ішеді. Әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, бала емізетін уақытта бірден салмақ тастауға болмайды. Артық салмақ қиындық туғызып жатса, арнайы дәрігер-диетологқа жүгінген абзал. Бірден салмақ тастау сүттің жоғалуына да әкелуі мүмкін», - дейді диетолог дәрігер.

Сонымен қатар, қазіргі адамдар өз басындағы күйзелісті тамақпен басуды әдетке айналдырған. Яғни, түрлі проблеманы тамақты көп жеу арқылы басуға тырысады. Бұл жерде психологиялық көмектің қажеттігі туындайды.

«Аз уақытта салмақ тастау үшін сауатты түрде тамақтану процесін қадағалап үйрену абзал. Сондай- ақ, белсенді физикалық жүктеме қажет. Бірте-бірте салмақ тастаған адам кейін сол салмақты жинамайды. Себебі, ағзаны бұл процеске үйрету керек, жүйелі түрде арықтағанның тиімділігі орасан зор. Тез арада көп салмақ тастаса, қайтадан сол салмақты жинап алу қаупі жоғарылайтынын ұмытпау керек. Себебі, ол - адам ағзасының қорғаныс реакциясы», - деп көрсетті маман.

Маманның пікірінше, адам ретсіз тамақтанғаннан асқазан сыйымдылығы да кеңейіп кетеді. Дұрыс тамақтану жүйесін қалыптастырудың да өз сатылары бар.

«Ең алдымен, ұннан жасалған өнімдерден бас тарту керек. Мәселен, адамның бір әдетін өзгерту үшін адамға 21 күн керек. Кешкі сағат жетіден соң тамақтанбаған дұрыс. Кешкі тамақ қозғалыс болмағандықтан артық май болып жиналады. Адам дастархан басынан тоймай тұру керек. Ол тойыну сезімі адамның орталық жүйке жүйесіне  20 минуттан соң келеді, соған дейін шыдау керек. Ол үшін тамақты асықпай жеу керек, жақсылап шайнау керек, ауыз қуысында тамақтың қорытылуына көмектесу керек. Осылай біртіндеп асқазанның көлемі азая бастайды. Бірақ барлығы жүйелі түрде болуы керек. Оған біраз уақыт керек болуы мүмкін», - деді дәрігер.

Кез келген отбасында тамақтану үрдісі сол үйдің өскелең ұрпағының да тамақтану мәдениетін қалыптастырады. Анасы отбасын қалай тамақтандырса, балалар да сол әдетті бойына сіңірмек. Яғни,болашақта бала есейгенде ол да өз отбасынан соны талап етеді. Сондықтан, аналар осы жерде қателеспеуі керек дейді маман.

«Артық салмаққа бала құрсақта жатқан кезде бейімделетінін бірі білсе, бірі білмейді. Бала туған кезде анасында да, әкесінде де семіздік болса, ол балада семіздіктің даму мүмкіндігі - 97 пайыз. Тек қана әкесінде болса, ер балаға берілу мүмкіндігі - 47%. Ал қыз балаға анасынан  шамамен 86% беріледі. Яғни, анасынан қыз балаға берілу қаупі жоғары», - дейді Майра Қайнарбаева.

Артық салмақ дерті бойынша Мексика, АҚШ елдері көш бастап тұр. Ал Азия елдері артық салмақтың таралуы бойынша соңғы орындарда. Дегенмен, елімізде тамақтанудың өзгеруі, шет елдерден түрлі фастфудтардың келуі, адамдардың көбіне үйде емес, сырттан тамақтануы қоғамда етек алып келе жатқаны да - бір себеп.

Нутрициолог-дәрігер абайсызда артық салмақ жинап алған адамдарға арықтауға асықпауға кеңес береді.

«Дұрыс тамақтанудың ұстанымы бойынша, дені сау адам күнделікті төрт рет тамақтануы керек. Ол - таңғы ас, екінші таңертеңгілік ас (сағат он бірлерде), түскі ас және кешкі ас. Түнгі мезгілде көп тамақтануға болмайды. Жетіден кейін мүлдем тамақтанбау деген қағида салыстырмалы түрде айтылған. Ол үрдіс негізінде күндіз қызмет жасайтын адамдарға қатысты. Ал түнгі ауысымда жұмыс жасайтындар үшін бұл процесс басқаша жүреді», - деп қорытындылады дәрігер.

Жоғары қарай