Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Семейдегі 1000 орындық жатақxананың құрылысы неге бітпей жатыр

2019 жылдың 8 мамыр 2019 14:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбектің атына сауал жолдады. Ол құжатта бюджет есебінен салынатын нысандардың сапасына қатысты мәселелер көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Кәрібай Мұсырманның айтуынша, елімізде мемлекеттік бюджеті есебінен салынып жатқан көппәтерлі үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандардың сапасына қатысты сын-ескертпелер әлі де көп.

«Бұған мысал ретінде Семей қаласындағы мемлекеттік медицина университетінің 1 000 орындық студенттер жатақxанасын айтуға болады. Республикалық бюджеттен бөлінген 2 миллиард 246 миллион теңгеге жуық қаржыға 2014 жылдан бастап салынған обьект бес жылдың ішінде бітпей, қазір ондағы құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Себебі осы құрылысты жүргізген мердігердің - Алматы қаласының 2-ші санаттағы құрылыс ұйымының ондай ірі нысандарды салу тәжірибесі де, қажетті материалдық-теxникалық базасы да болмаған. Қазіргі кезде университет «сақалды нысанды» консервациялап, өткен бес жылдың ішінде құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы қайта қарау үстінде. Яғни, жатақxана құрылысына қосымша қыруар қаржы бөлу және жаңа мердігер ұйымды тарту қажет болады», - деді К.Мұсырман бүгінгі пленарлық отырыста.

Оның сөзіне қарағанда, құрылыс саласында ондай сорақылықтарға жол бермеу үшін ірі нысандарды тек 1-ші санаттағы құрылыс ұйымдарына ғана тапсыру қажет. Заң бар. Алайда нормативтік-құқықтық актілер бойынша ірі нысандардың барлығы бірдей 1-санатқа жатпайды. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес, биіктігі 25 қабаттан аспайтын тұрғын үйлер, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, мектептердің, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының ғимараттары, бір мезгілде 1 200-ге дейін адам бара алатын сауда-ойын сауық нысандары, аусымына 480-ге дейін адам қабылдайтын стационары жоқ денсаулық сақтау обьектілері 2-ші санатқа, яғни қалыпты жауапкершілік деңгейіне жатқызылған. Соның ішінде мал шаруашылығы кешендері, бордақылау алаңдары, құс фермалары, жылыжай кешендері, сүт қабылдау және дайындау бекеттері сияқты нысандар да бар. Ал мал кешені мен көппәтерлі үйдің құрылысын теңестіруге болмайды.

«Осыған байланысты мынадай ұсыныстарды енгіземіз. Біріншіден, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс сапасын арттыру мақсатында 1-ші санат, яғни жоғары жауапкершілік деңгейіндегі нысандардың тізбесіне барлық көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала нысандарын енгізу мәселесін қарастыру қажет. Екіншіден, құрылыс ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптарын күшейте отырып, оларды лицензиялау, соның ішінде 1-ші және 2-ші санаттарды беру тәртібін барынша жетілдіру керек», - деп атап көрсетті К.Мұсырман.

Автор Арман Асқаров
Басты сөздер: Құрылыс, Парламент,
Жоғары қарай