Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Сайрам ауданында қарақшылар жанармай бекетін 40 секунд ішінде тонап кеткен

2019 жылдың 21 қазан 2019 12:20

САЙРАМ. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандардың бірін ұстады. Тергеу барысында күдіктінің Сайрам ауданында ауыр қылмыс жасағаны дәлелденіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың қазан айы ортасында жанармай бекеттерінің біріне шабуыл жасалған. Бұл туралы Сайрам ауданындық полиция бөліміне таңғы 5:45 шамасында шұғыл хабарлама келіп түскен. Осыдан кейін Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері мен Сайрам аудандық тәртіп сақшылары қылмысты ашуға кіріскен. Белгілі болғандай, жанармай бекетіне белгісіз екі тұлға баса көктеп кіріп, небәрі 40 секунд ішінде қарақшылық шабуыл әрекетін жасаған. Олардың бірінің қолында қосауыз мылтық, ал екіншісінің қолында газ баллоны болған. Осылайша күдіктілердің бірі оператордың бетіне газ баллонды шашып, күзетшіге мылтық кезеген. Екіншісі кассир қызды қорқытып, кассадағы 166 мың теңгені жымқырып кеткен. Қарақшылар бекет маңында көлікте тосып тұрған үшінші сыбайласымен бірге бой тасалап үлгерген.

«Жедел іздестіру шараларының барысында полицейлер осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің бірін қолға түсірді. Полицейлер аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде» делінген хабарламада.

Облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Құрманбек Саховтың айтуынша күдіктілер қылмыстарын алдын ала жоспарлау арқылы жасаған.

«Қылмыс таң сәріде болғандықтан, көрген білген куәгерлер жоқ. Оған қоса күдіктілер жедел қимылдап, қылмыстарын небәрі 40 секунд ішінде істеп үлгерген. Біз олардың әрекеттерін топшылай келе, алдын ала сөз байласып, жоспар бойынша істеулері де мүмкін деп болжадық. Сондықтан бүгінгі таңда біздің жедел уәкілдер қылмыскерлерді ұстаудың түрлі жолдарын іске асыруда. Қылмысты ашу барысында үш күдіктінің де жергілікті тұрғын екені және бірінің бұрын соңды сотты болғандығын анықтадық. Іздестіру мен тергеу амалдарын одан әрі қарай жалғастыра беретін боламыз», - дейді ТО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Құрманбек Сахов.

Жоғары қарай