Ауа райы
Нұр-Сұлтан 23 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 377.18
EUR 426.14
RUB 5.98
CNY 54.86

Сайлаушылардың 25 проценті алғаш рет дауыс береді

2019 жылдың 10 сәуір 2019 20:28 799

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - "Жас Ұлан" ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова кезектен тыс президенттік сайлауға қатысты өз ойымен бөлісті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Осы жолғы сайлаудың бір ерекшелігі, аталған науқан Жастар жылында өтеді. Екіншіден, кейбір сарапшылардың есебіне сәйкес, сайлауға баратын азаматтардың төрттен бір бөлігі алғаш рет дауыс береді. Бұл дегеніміз, сайлаушылардың 25 проценті алғаш рет дауыс бермекші. Бұл аз адам емес. Сол себепті биылғы сайлау науқаны қызықты өтетін сияқты. Әрине, мен де өз дауысымды беремін. Сондықтан барлық жастарды сайлауға атсалысуға шақырамын. Сайлаушылардың 25 проценттік армиясы сайлаудың нәтижесіне айтарлықтай әсер ете алады", - деді Д.Сәдуақасова Қазақстандағы жастар ұйымдарының арнайы кеңесінде.

Осы орайда Д.Сәдуақасова өзі басқарып отырған ұйымға мүше балалар мен жасөспірімдердің болашақ электорат екенін ерекше атап өтті. "Енді, "Жас Ұлан" балалар мен жасөспірімдер ұйымы болып саналамыз. Ал заң бойынша ұйым мүшелері кәмелеттік жасқа толмай, дауыс бере алмайды. Дегенмен, "Жас Ұлан" - бұл болашақ электорат. Осы жолы 1,5 миллион баламыз сайлауға қатыспаса да, келесі сайлауда міндетті түрде дауыс береді", - деп атап көрсетті Д.Сәдуақасова.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев xалыққа үндеу жолдап, кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу туралы мәлімдеген болатын. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін жариялады.  Ал сайлауалды үгіт-насиxат жұмыстары келесі айда басталады.

 

 

Жоғары қарай