Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Сайлау-2019: Сәдібек Түгел мемлекеттік тіл сынағын тапсырды

2019 жылдың 24 сәуір 2019 13:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі Ғарифолла Есім «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан үміткер Сәдібек Түгелдің емтихан нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, үміткер тапсырмаларды берілген уақытта орындады және қосымша уақытты қажет еткен жоқ.

«Емтихан талабына сәйкес, үміткер бірінші кезеңде шығарма жазуы тиіс. Сәдібек Түгел «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: тарихы және бүгіні» тақырыбын таңдап алды және мемлекеттік тілді еркін меңгергенін көрсетті. Әрине, кейбір емле қателері туралы ескертпелеріміз бар, бірақ ол мемлекеттік тілді меңгеруге бөгет емес», - деді Ғарифолла Есім Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Екінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия алдында 3 беттік мәтінді оқуы керек.

«Екінші кезеңде үміткер билет арқылы Әбіш Кекілбайдың «Дала балладасын» таңдап алды. Бұл жерде де Сәдібек Түгел өзінің оқу мәдениетін көрсете алды. Үшінші кезеңде - сөз сөйлеу үшін үміткерге «Бабалар сөзі - даналық көзі» деген тақырып түсті. Бұл кезеңде кандидат қазақша еркін ойлап, еркін сөйлеп, пікір айта алатынын толық дәлелдеді. Жалпы үш кезең бойынша комиссия ұжымы «Сәдібек Түгел мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген шешімге келді», - деді комиссия мүшесі.

Айта кетейік, 22 сәуірде белгілі қоғам қайраткері, жазушы-журналист Сәдібек Түгел Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде құжат тапсырды. 23 сәуірде «Nur Otan» партиясының атынан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл емтиханын тапсырған еді.

Жоғары қарай