Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 361.15
EUR 414.71
RUB 5.53
CNY 52.07

Сауда, ойын-сауық нысандарын тексеруде қағазбастылық көп - Юрий Ильин

2018 жылдың 24 қыркүйек 2018 15:34 310

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин еліміздегі сауда және ойын-сауық орталықтарын тексеру тәртібі туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, нысандарды тексеру үшін бірқатар рәсімдер жасалуы тиіс.

«Жыл сайын бізге мектеп және мектепке дейінгі нысандарды, ЖОО және аумағы 3 мың шаршы метрден асатын нысандарды тексеру міндеттелген. Яғни, көлемі 3 мың шаршы метрден асатын сауда орталықтары да бұл санатқа кіреді. Бірақ, тексеруді жарты жыл бұрын жоспарлап, жоспарды прокуратураға өткізуіміз қажет. Бұл жоспар прокуратура мен ТЖ комитеті органдарының сайттарына жарияланады. Одан бөлек, бір ай бұрын нысан иелеріне тексеру туралы хабар берілуі керек», - деді Ю. Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Өткен жылы еліміздің барлық сауда және ойын-сауық орталықтары тексерілген және қауіпсіздік талаптарына сай келмеген 20-ға жуық нысан сотқа берілген.

«Ережеге сәйкес, ТЖ инспекторы кемішіліктерді көрсетіп, хаттама толтырады да, сол кемшіліктерді жоюға уақыт береді. Келесі тексеруде бұл кемішіліктер реттелмесе, материалдар сотқа жіберіледі. Нысанды жабу немесе кемшіліктерді жойғанша қызметін уақытша тоқтату шешімін тек қана сот қабылдайды», - деді ол.

Дегенмен, сауда және ойын-сауық орталықтарының қызметін тоқтату фактілері болған жоқ.

«Яғни, барлық нысандар кемшіліктерін түзетті. Әйтсе де, тексеру жүргізілгенде барлық апаттық есіктер ашылып, күзет қызметкерлері ережеге сәйкес жұмыс істейді де, тексеруден кейін қайтадан апаттық есіктер жабылып, дабылдар дұрыс істемейді. Барлығы бәз-баяғы кейпіне түседі. Бұл жерде құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Тұтынушылардың ақшасына өмір сүріп отырған бизнесмендер олардың алдындағы моральдық жауапкершілікті түсінуі қажет. Өз нысандарының қауіпсіз болуын ойлауы керек», - деді вице-министр.

Сонымен бірге, қандай да бір нысанға қатысты халықтың арыз-шағымы түссе, жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылады.

«Бизнесті жоспардан тыс тексеру бөлігін енгізгіміз келді. Бірақ, бұл бастама «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан қолдау таппады. Олар жоспарлы түрде тексеретін қазіргі заңнаманың жеткілікті екенін алға тартты. Сондай-ақ, халықтың арыз-шағымы бойынша, белгілі бір нысандарға жоспардан тыс тексеру жүргізе аламыз, бірақ қайтадан прокуратураға тіркеліп, нысан иесіне хабар берілген соң, тексеруге кірісеміз», - деді Ю. Ильин.

 

 

 

Жоғары қарай