Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 376.51
EUR 418.91
RUB 6.13
CNY 54.90

Саран қаласында көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі толығымен шешілді

2019 жылдың 12 желтоқсан 2019 22:51

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Саран қаласында көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі толығымен шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысында Мемлекет басшысының халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тапсырмасы орындалуда. Саран қаласында өңір бойынша бірінші болып кезекте тұрған көп балалы аналардың тұрғын үй мәселесі толық шешілді», делінген хабарламада.

Тәуелсіздік күні қарсаңында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек жаңа құрылыстағы пәтерлердің кілтін сарандықтарға табыс етті.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 120 көпбалалы отбасы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды асырап отырғандар қолжетімді баспана алды. Саран қаласында пәтер кезегінде 46 көпбалалы ана тұрған болатын. Енді олар жалдамалы немесе шағын пәтерлерде тұрмайтын болады. Бұл отбасыларға жаңа салынған үйлерден кең пәтерлер берілді.

«Біз жаңа көпқабатты үйлердің кілттерін тапсырамыз. Менің ойымша, бұл еліміздің Тәуелсіздік күніне және алдағы жаңа жылдық мереке қарсаңында жасап отырған тамаша сыйлық. Бұл бес қабатты үйде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолайлы жағдай жасалған», - деді Жеңіс Қасымбек.

Кіреберісте құрылысшылар мүгедек арбадағы адамдарға арналған көтергіш орнатты. Есіктерді кең қылып, жуынатын бөлмелерде арнайы тұтқалар орнатылған.

Саран қаласында тұрғын үй құрылысы белсенді қарқынмен жалғасады, деп атап өтті облыс әкімі. Келесі жылы қалада әрқайсысы 100 пәтерлік тағы үш көпқабатты үй салынатын болады.

«Әрине, қуанышымыз шексіз. Бұған дейін Ақтаста ата-анамызбен бірге бір үйді паналадық. Төрт жыл кезекте тұрдық. Енді міне, өзіміздің кең пәтерімізге қол жетізіп отырмыз. Жақында қоныс тойын тойлаймыз. Мемлекет пен билік өкілдеріне қамқорлығы үшін үлкен рахмет», - деді көпбалалы ана Жанна Жұмашева.

Көп балалы отбасында төрт кішкентай бала бар. Отағасы зауытта жүк тиегіште жұмыс істейді. Жұбайы жұмысқа орналасу үшін тігінші курстарында оқиды.

Саран қаласының тұғындарына арналған жайлы үйді жергілікті «ККК ЛТД» компаниясы салған.




«Біз үшін қысқа мерзімде осындай үй салумыздың символдық мәні бар. Осыдан жеті жыл бұрын біз үй құрылысы комбинатын іске қостық. Табысты жұмыс істеп, жұмыс орындарын құрдық. Саран қаласының 130 тұрғыны біздің кәсіпорында еңбек етуде, олар осындай үйлерде өмір сүргісі келеді - бұл сапа көрсеткіштерінің бірі», - деді компания басшысы Александр Кику.




Қарағанды облысында 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй салуға және сатып алуға 11,5 млрд теңге бөлінді. Осы бағдарлама бойынша облыста 194 пәтер пайдалануға берілді.







Жоғары қарай