Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Сапарбаев Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арналған үйлерді аралады

2019 жылдың 22 қараша 2019 15:51

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Солтүстік Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Жұмыс тобының құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин бар.

Астаналықтардың жұмыс сапары Қызылжар ауданындағы еңбек күші мол өңірлерден қоныс аударушыларға арналған тұрғын үйлерді аралаудан басталды. Бұл үйлер өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда. Биыл өңірге 688 отбасы қоныс аударды. Ондағы 2060 адамның 1031-і жұмысқа қабілетті жаста, 935 – жеткіншек, 57 – студент, 37 – зейнеткер. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары негізінде 2142 үйдің құрылысы қарастырылған. 428 үй биыл салынды. Екі жатын бөлме, зал және ас үй 120 шаршы метрді құрайды.

Бердібек Сапарбаев Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында тұрғызылған үйлерді аралап, қоныстанушылармен емен-жарқын әңгімелесті. «Жылу үйге кіріп, өмір сүре беруге болады», – дейді Руслан Насыров. Ол бұл ауылға мамыр айында әйелі және екі баласымен Түркістан облысы Қазығұрт ауданынан қоныс аударып келген. Өз шешімінің дұрыс екендігіне көзі жеткен отағасы осы ауылды тұрақтап қалмақ.

«Бұл өңірдің топырағын алғаш досыма қонаққа келіп басқан болатынмын. Мені көшуге көндірген сол. Жұмыспен қамту орталығына барып, қандай бос жұмыс орындары бар екенін сұрадым. Ондағы мамандар барлығын түсіндірді, шарттарға құлағдар етті. Бірнеше жұмыс орнын ұсынып, таңдау жасауға мүмкіндік берді. Баспана мәселесі оңай шешілетінін айтты. Біз – жас отбасымыз. Қол жеткізуге тиісті жоспарымыз да көп. Бәйтерек бізге ұнады. Адамдары кеңпейілді, көмек қолын созуға қашанда дайын», – дейді Руслан Насыров.

Жаңа үйлер жылы, жарық, қолайлы. Тұрғындардың көңілінен шығып отыр.

Жұмыс тобы атбасын тіреген келесі нысан – жергілікті мектеп болды. Қонақтар Бәйтерек ауылының тұрғындарымен кездесіп, жылы сөздер естіді. Тұрғындар ауылының бір орында тұрмай дамып, көркейіп келе жатқандығын мақтанышпен айтты. Су, коммуникация мәселесінде еш қиындық жоқ. Тұрғындар үкімет басшысының орынбасарына тек балабақшаның жетіспейтіндігін айтып, осы мәселеге қолғабыс жасауды өтінді.

Вице-премьер Бескөл ауылында да болды. Аудан әкімдігінде жұмыс тобының халықпен кездесуі ұйымдастырылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілдері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бердібек Сапарбаев жұмыс тобының басты міндеті халықтың өмір сүру сапасын бағалау және проблемалық мәселелерді шешуге жәрдемдесу деп атап көрсетті. Әсіресе, білім және денсаулық сақтау сияқты маңызды әлеуметтік салаларға ерекше тоқталды.

«12 жылдық білім беруге көшуге келетін болсақ, қазір арнайы топ жұмыс істеуде. Президент ең бастысы мектептердің, мұғалімдердің, оқулықтардың дайындығын шешіп барып, асықпай орындауға тапсырма берген болатын», дей келе вице-премьер ауылдық жерлерде мұғалімдердің жетіспеушілігі болмаса, бұл салада басқа өзекті мәселе жоқтығын атап өтті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша біз жергілікті атқарушы органдармен жұмысты ширатып, мұғалімдерге тиісті жағдайды қамтамасыз етуіміз керек. Мектептерді зертханалармен, кабинеттермен жабдықтау бойынша жұмыстар қарқынды жалғасын табады».

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев азаматтарды мемлекет беретін мүмкіндіктерді пайдалануға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды. «Түрлі салада 14 мемлекеттік бағдарлама бар. Олар арқылы 500 мың теңгеге тегін грант алу мүмкіндігі бар, сондай-ақ жеңілдікпен микрокредит алуға да болады. Бірақ, өкінішке орай, көпшілік қолжетімді механизмдерді пайдаланбайды. Біреу білсе, біреу білмейді. Ең бастысы – адамның өз ісін ашуға деген ниеті. Біз бұл тетіктердің халық үшін жұмыс істеуін көздейміз. Тұрғындар бұл көмектерді пайдаланып, жұмыс істеп, ақша тауып, отбасыларын асырай алуы үшін бағдарламаларды одан әрі жетілдіре түсеміз», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Кездесу соңында жұмыс тобының мүшелері халықтың сұрақтарына жауап берді.

Жоғары қарай