Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Руслан Дәленов жергілікті бюджеттер 400 млрд теңгеге көбейтілетіндігін айтты

2019 жылдың 6 қараша 2019 11:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы 400 млрд теңге болатынын айтты , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы бойынша шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы толық көлемде жергілікті бюджеттерге беріледі. Қазіргі таңда бұл салық түрі толықтай республикалық бюджетке аударылуда. Бүгінде корпоративтік табыс салығының жалпы көлемі 1 трлн 600 млрд теңгені құрап отыр. Осының ішінде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы 400 млрд теңгеге жуық. Бұл қаржы енді жергілікті бюджеттерге беріледі», - деді министр ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында

Оның атап өтуінше, бұл қадам жергілікті экономиканы дамытуға, ынталандыруға ықпал етпек.

«Жергілікті бюджеттер жыл сайын 400 млрд теңгеге артатын болады. Бұл қомақты қаржы елеулі түрде әсер етеді», - деді Руслан Дәленов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын беруді ескеретін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана корпоративтік табыс салығының түсімдері түсетін болады.

Жоғары қарай