Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Рөлде отырып телефонмен сөйлескен 200 автобус жүргізушісі жазаға тартылды - СҚО

2019 жылдың 10 қазан 2019 19:21

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір жолдарында қоғамдық көлік жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейд өтіп жатыр.

Петропавлдағы соңғы аялдамаларда полицейлер, қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері және «СҚО автокөлік Одағының» төрағасы Галина Семенованың қатысуымен күніне мыңдаған жолаушыны таситын автобустардың жағдайы мен құжаттары тексеріледі.

Рейд барысында №14 автобус салонының ластығы, орындықтарының ескіргені назарға түсті. Тағы біреуінде көлік заңсыз қайта жарақтандырылған болып шықты. Осыған орай автобустың 47 жастағы жүргізушісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 7-бөлімі «Тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Іс-шараны өткізіп отырған полиция мен барлық мүдделі тараптардың басты міндеті - жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету. Бұл әсіресе қыс қарсаңында өзекті.

Облыс орталығында күнделікті 260-қа тарта автобус жолаушы тасымалдайды. Жүргізушілердің өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы өте маңызды.

«Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жыл басынан екі рет, қаңтар және мамыр айларында ұйымдастырылды. Нәтижесінде 800-ге жақын жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаладағы қоғамдық көліктердің жүргізушілері көп жағдайда салон ішіндегі орындықтарды қайта жабдықтайды, қосымша жарық қондырғылары мен аспаптар үшін жәшіктер қояды. Жыл басынан осыған жол берген 17 адамға және жолға шығар алдында тексерістен өтпегені үшін 16 жүргізуші жауапқа тартылды», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Таев.

Сондай-ақ рөлде отырып телефонмен сөйлескен 201 автобус жүргізушісіне айыппұл салынды. «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы 17 қазанға дейін жалғаспақ.

Жоғары қарай