Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Ресейдегі көне құлпытастарды зерттемекшіміз - Жантас Сафуллин

2019 жылдың 7 сәуір 2019 16:50 2946

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында көне қорғандар мен архив құжаттары зерттелуде. Бұл туралы облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жантас Набиоллаұлының айтуынша, өлке тарихы үшін маңызды нысандардың бірі - Сегізсай (Лебедевка) кешені.

Биылғы қыс және көктем айларында кешенде осы кезге дейін атқарылған жұмыстар зерттеліп, зерделенді.

Жалпы, мұнда 1966 жылдан бері Мәскеу мен Алматыдан келген, сондай-ақ жергілікті ғалымдар біраз зерттеу жұмыстарын жүргізген. Алайда жүйелі есебі жоқ. Сондықтан Әлкей Марғұлан атындағы археология институтынан бұрынғы есептер алынды. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылған жәдігерлер суреттерінің электронды нұсқасы жасалды.

-Жер кепкен бойда археологиялық барлау жұмыстарын бастамақшымыз. Бірінші кезекте қанша оба бар, солардың координаттары анықталады. Олардың қаншасы қазылып, қазылмағанын білгеннен кейін маңыздылығына қарай қазба жұмыстарын жүргіземіз, - деді орталық директоры.


null

-Өткен жылы Уфа қаласынан Батыс Қазақстанға қатысты 10 мың беттей архив құжаттарын әкелген едіңіздер. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

-Иә, Башқұртстан Республикасының ұлттық архивінен 1865, 1871, 1875 жылдардағы Ішкі орданың метіркелік журналдарының электронды көшірмелерін жасап, Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығының жаңадан жасақталған қорын құнды құжаттармен толықтырдық. Араб әліпбиіндегі бұл материалдар толық аударылғанда, талай адам өз ата-бабаларын тауып, қай күні, қай жерде дүниеге келгенін, кімге үйленіп, қанша қалың мал төлегенін, қай жылы, қандай сырқаттан дүние салып, қай жерге жерленгенін білмек. Бұдан бөлек бұл мәліметтерге қарап сол кезеңде туу көрсеткіші қалай болғанын, ер бала мен қыз баланың үлес салмағын, қалың малдың көлеміне қарай елдің әлеуметтік жағдайын, қандай ауру түрлері болғанын, тарихи тұлғалардың жерленген жерін анықтауға болады.

Архивке алдымен өзім барып, құнды құжаттар көшірмесін елге әкелудің жолдарын қарастырдым. Бұл көшірмелерді сатып алуға архивтің бекітілген тарифімен тым қомақты қаражат кетеді. Сондықтан осындай жұмыстарды бұдан бұрын да бірлесіп жасаған, араб әліпбиін жақсы білетін Қазбек Құттымұратұлы және фотосканерлеу шебері Ақылбек Есеналинмен бірге өз құралдарымызды алып барып, ұлттық архивтегі метіркелік журналдардың электронды көшірмесін жасадық.

Бір айта кететін жайт, архив директоры Галей Гуляддинович үлкен туысқандық көмек көрсетіп, күрделі жөндеу жүргізілетін болып, ғимараттың жабылып қалғанына қарамастан, біздің емін-еркін жұмыстануымызға мүмкіндік берді. Жағдайымызды түсініп, архив мамандары біз үшін демалыс күндері де жұмыс жасады. Нәтижесінде елге он мың бетке жуық метірке журналдарының және көптеген түрлі тарихи маңызды істердің көшірмелері әкелінді.

Қазіргі кезде осы құжаттар араб әліпбиінен аударылу үстінде. Облыстық мәслихаттан қосымша қаражат бөлініп, осы метірке журналдарын жеке жинақ етіп шығару қолға алынып отыр.


null

-Соңғы жылдары құлпытастарды зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатырсыздар. Оны да жалғастыратын шығарсыздар?

-Әрине, биыл көршілес Орынбор облысындағы көне құлпытастарды зерттемекшіміз. Осы бағытта Орынбордағы ғылыми орталықтармен бірлесіп жұмыс жасау үшін келісімге келмекшіміз. Сонымен қатар Орынбор архивінде де Қазақ елінің тарихына қатысты мәліметтер көп. Бұдан бұрын хан сайлауға байланысты құжаттардың белгілі бір бөлігі әкелінген. Енді сондай маңызды құжаттардың көшірмесін түгел жеткізіп, болашақта жинақ етіп шығаруды жоспарлаудамыз.

-Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қабылданғанына екі жыл толғалы отыр. Осы уақыт ішінде облыс көлемінде қомақты жұмыстар атқарылғаны белгілі. Қазақстанның киелі орындарының қатарына Батыс Қазақстаннан енген нысандардың бірі - Жайық қалашығы. Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музей жасау жөнінде ойлар айтылып келеді. Осы орайда не жасалуда?

-Бірнеше тарихи орындар ашылып, ашық аспан астындағы музей жасаймыз делінгенімен, әзірге оған қаражат қаралып, жоба жасалған жоқ. Бірінші кезекте Жайық қалашығын әуелі толық зерттеп алғымыз келеді. Қалашыққа кіреберісте, ғалымдардың пайымдауынша, сарматтар дәуіріне жататын көне оба бар. «Қара» археологтар оның бетін жырып, ашқысы келген. Соны толық ашып, қарағымыз келеді. Мұндағы мақсат - алдағы уақытта тарихи нысанға айналып, туристер келіп қарайтын мезгілде Жайық қалашығының ортағасырлық Алтын орда  кезеңінен ғана емес, сарматтар дәуірінен басталатынын көрсету. Яғни тарихымызды тереңдете түсу. Жайық қалашығынан Оралға қарай зерттеуді қажет ететін нысандар бар.

Облыстық мәдениет басқармасы облыстық музейге тапсырма беріп, қазіргі кезде Жайық қалашығының жалпы жобасын жасау, оны қоршау, абаттандыру ойластырылуда. Егер ашық аспан астындағы музей жобасы жасалып, қаржы бөлінсе, соған сәйкес тарихи орындарды қайта ашып, зерттеу жұмыстарын жалғастыратын боламыз.

Сөз соңында айтарым, Батыс Қазақстанда Алашорда тарихының да орны ерекше. Осыған орай Алашорда жетекшілерінің бірі Жаһанша Досмұхамедов туралы барлық құжаттарды, суреттерді жинастырып, фотоальбом шығармақшымыз. Болашақта басқа да Алаш қайраткерлері туралы деректерді жинап, осындай жинақтарды көпшілікке жеткізу жұмыстарын жалғастырамыз.  

 

 

Жоғары қарай