Ауа райы
Нұр-Сұлтан 20 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Рахат Жақсыбай: «Nur-Sultan Ethno Fest» өткізудегі мақсат - салт-дәстүрлерімізді жаңғырту

2019 жылдың 23 мамыр 2019 13:50 1294

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 30 мамыр мен 2 маусым аралығында «Хан-Шатыр» кешені маңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесіп тұңғыш рет «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесін өткізеді.

 ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш шара туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай айтып берген еді.

- «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесін өткізуге не түрткі болды, қысқаша тоқталып өтсеңіз?

- Тұңғыш рет «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесін өткізудегі басты мақсатымыз аталмыш іс-шара аясында ұмытыла бастаған салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, әр түрлі ұлттық ойындарымызды насихаттау болды.

- Ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізге байланысты нақтылы қандай шаралар ұйымдастырылады?

- Ұлтымыздың, яғни қазақ халқының ұмытыла бастаған дәстүрлері өте көп. Мысалға алып айтар болсақ, қамшыгерлік, тезге салу, қолқа салу, тығырыққа тіреу, арқан өру, қамшы өру, шаңырақ көтеру секілді ұлттық салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Біз осы мақсатта мереке қарсаңында жұртшылық назарына ол дәстүрлердің не екенін ұсынып, олардың шығу тарихы мен мән-мағыналарын ашып көрсетуге күш салатын боламыз.

- Астана тұрғындары мен қонақтарын тағы қандай мәдени шаралар күтіп тұр?

- Елорда тұрғындары мен қонақтары мереке аясында этно мәдени-спорттық шараларды, балалардың бірегей этно-аттракциондары мен концерттерді тамашалай алады. Сонымен қатар, қолөнер бұйымдары, ұлттық аспаптар көрмесі, кітаптар көрмесі, тарихи және этникалық жәдігерлер, этнобазар, спорттық аттар мен құстардың көрмелері де жұмыс істейді. Ақындар айтысын ұйымдастырып, күй сайысымен көрермендер қуанышын еселей түссек деген жоспарымыз бар.

- Осы фестиваль аясында «Алтын жебе» І әлем чемпионаты өтетінін естіген едік. Елімізге қандай мергендер келе жатыр?

- Осы фестивальдің басты додасы өзіңіз айтып отырған «Алтын жебе» І әлем чемпионаты екені даусыз. Бұл бәсекеге әлемнің ең үздік мергендері келіп, нағыз мықтыны анықтайтын болады. Бұлардан бөлек, 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі де ұмыт қалмайды. Ең бастысы 30 мамыр мен 2 маусым аралығында «Хан-Шатыр» кешені маңынан табылып, қызықты бірге бөлісіңіздер. «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі 1 маусым, сағат 19:00-де басталады.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Жоғары қарай