Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

«Qazaqstan» Ұлттық арнасынан 14 жаңа жоба эфирге шығады

2019 жылдың 24 тамыз 2019 14:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Күзгі жаңа маусымда «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан 14 жаңа жоба эфирге шығады. Осыған дейін көрермен ықыласына бөленіп үлгерген 10 бағдарлама жаңаша форматта қайта ұсынылады. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметі хабарлайды.

Әр апта сайын Ұлттық арнадан Қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының интеллектуалды диалогқа құрылған «Nur Tileý» бағдарламасын тамашалайтын боласыздар.

Ал «Apta» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын жаңа маусымнан бастап белгілі журналист Жайна Сламбек жүргізеді. Күн сайын үш мезгіл тікелей эфирде шығатын «Aqpatat»-ты Армангүл Тоқтамұрат, Саламат Омаш, Шерхан Жамбылұлы, Альбина Әшім тізгіндейді.

Гүлназ Әлімгерейді күзгі маусымнан бастап мұқтаж жандарға көмек қолын созуға бағытталған жаңа «Niet» әлеуметтік жобасынан көретін боласыздар. Ал «Мәселе» тізгіншісі Нартай Аралбайұлы көрерменмен енді тек сенбі емес, күн сайын кешкі уақытта жаңа «Ашық алаң» ток-шоуында жүздесетін болады.

Бұдан бөлек, арна эфирінен апта сайын public talk форматында «Сен де бір кірпіш дүниеге...» әлеуметтік-қоғамдық жобасын ұсыну жоспарланып отыр. Қоғамдық, ақпараттық-танымдық бағыттағы «Иман өзегі», «Бір күн», «Мәдениет жауһарлары» хабарлары да көрермен көңілінен шығады деп үміттенеміз.

25 тамыздан бастап Гүлназ Ауданбаевамен бірге ауыл өмірінен сыр шертетін «Ауылдастар» тележобасы эфирде.

Кезінде көпшіліктің ықыласына бөленген «Толағай» отбасылық бағдарламасы да осы жаңа маусымда эфирге қайта оралатынын қуанышпен хабарлаймыз.

Тағы бір ерекше атап өтер жайт, жаңа маусымнан бастап көрермен «Qazaqstan» арнасы түсірген бірнеше отандық телехикаяны тамашалайтын болады.

1 қыркүйектен бастап Ұлттық арнаның жаңа келбетіне бірге куә болайық!

Басты сөздер: БАҚ, Қоғам,
Жоғары қарай