Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

«Qazaq Klasy» Моңғолияның Қобда қаласында жұмысын бастайды

2019 жылдың 15 қараша 2019 16:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отандастар қоры» КЕАҚ қызметкерлері Моңғолияның батыс бес аймағының орталығы Қобда қаласында қазақ тілін онлайн оқытатын жобаны таныстырды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қастерлі қалам» жобасының басты мақсаты қазақ тілінің таралу аймағын кеңейту, диаспора арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру.

Сондай-ақ, этникалық қазақтар шоғырланған жерлерде қазақ тілін оқыту бойынша білім беру іс-шараларын өткізу және оларды қажетінше әдебиеттермен, оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету. Қазақ тілін қашықтықтан оқытатын «онлайн» сыныбын ашу.

Жобаны елдегі ЖОО және арнайы тіл оқыту орталықтарының қатысуымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры», «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» бірлестігі ұйымдастырып отыр.

Айта кетерлігі, сыныптар бастапқыда этникалық қазақтар көп шоғырланған мекендерде, атап айтқанда Астрахан, Орынбор, Омбы, Саратов, Мәскеу, Челябі, Самара, Новосібір, Санкт-Петербор, Қосағаш (Ресей), Ыстанбұл (Түркия), Париж (Франция), Берлин (Германия), Горган (Иран), Киев (Украина), Минск (Белорусь), Антвепон (Бельгия), Ұлан-Батыр, Қобда (Моңғолия), Лондон (Ұлыбритания), Чикаго, Хьюстон (АҚШ) Бішкекте (Қырғызстан) ашылады.

Бұл сыныптарда қазақ тілі сабағы төрт емледе - қазақ-орыс кирилл, ағылшын-қазақ латын, парсы-қазақ араб әрпінде, қытай-қазақ қытай иероглифінде аптасына 5 күн жүргізіледі. Оқытушылардың өткізген сабақтары Отандастар YouTube арнасындағы «qazaq klasy» аясында (тілдік курстер тақырыбы, қазақтың салт дәстүрі мен тарихын дәріптеу лекциялары, түрлі конференциялар, белгілі қазақ тұлғаларының жүргізуіндегі қазақша диктанттар, тікелей эфирдегі сұхбаттар) сақталып, оқушыға қайталап қарауға мүмкіндік береді.

Сабақтар тілді меңгеруге байланысты деңгейлерге бөлініп, деңгейді игерген оқушыға сертификат және Қазақстанға жолдама беріледі. Бастапқы деңгей жазғы лагерлерге, қысқа мерзімді тілдік курстарға, түрлі іс-шараларға қатысуға, ортаңғы деңгей Қазақстанда Алтын бесік жобасы аясында отбасымен тұруға, түрлі практикалық жұмыстар, саяхат жасауға, жоғарғы деңгей Қазақстанның ЖОО-на грантқа түсуге мүмкіндік береді.

Жобаның Skype онлайн режімде тегін сабақ өткізу әдістемесі, жоспары, кестесі «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығымен бірлесе, дамыған елдердің мол тәжірибелерін зерттеп, шетелдегі қандастардың сұраныстарын ескеріп жасалған.

«Отандастар» қорының бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінің үйлестірушісі Болат Зауытұлы мен мәдени-гуманитарлық жобалар департаментінің сарапшысы Ана Шакерханқызының таныстырған осынау жаңалықты Қобда қаласының Оқушылар сарайына жиналған қандастар қызу қолдады. Жақында аталған қалада жоба бойынша келісімшарт жасалып, «qazaq klasy» өз жұмысын бастайтын болды.

Қандастар жиында өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алумен қатар, ұсыныс тілектерін де білдірді. Қатысушыларға қордың сайты, электрондық адресі, «бірыңғай байланыс орталығы» туралы ақпарат беріліп, сол өңірдегі «qazaq klasy» ұйымдастырушы Зиба Яасайқызына кітаптар сыйланды.

Автор Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Тіл, Қандастар,
Жоғары қарай