Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков мемлекеттік тіл сынағын тапсырды

2019 жылдың 27 сәуір 2019 16:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі Ғарифолла Есім аталмыш лауазымға үміткер Жамбыл Ахметбековтың емтихан нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылдың 26 сәуірінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес, Жамбыл Ахметбеков Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы атынан ОСК-ға құжат тапсырған болатын.

«Лингвистикалық комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Әужанұлы Ахметбековтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі тексерілді. Алғашқы жазбаша жұмыста үміткер «Рухани жаңғыру» тақырыбын таңдап алды. Бұл кезеңде ол мемлекеттік тілді жазбаша тұрғыда еркін меңгергенін көрсетті. Екінші тапсырмада кандидат Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романынан үзінді оқыды. Яғни, оқу жөнінен де мемлекеттік тілді меңгергені белгілі болды. Үшінші тапсырмада «Ел бірлігі - елдіктің арқауы» тақырыбында сөз сөйледі», - деп атап өтті лингвистикалық комиссия мүшесі ОСК-да өткен брифингте.

Сонымен бірге, Ғ. Есім сынақ қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия шешімін жариялады.

«Үміткер берілген уақытты толық пайдаланды. Регламентті сақтады. Тәртіп бұзу тіркелген жоқ. Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия Жамбыл Әужанұлы Ахметбековтың мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы шешім қабылдады», - деді Ғ. Есім.

Жамбыл Әужанұлы Ахметбеков - Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 1961 жылы Целиноград облысы, Қорғалжын ауданы, Жантеке селосында туған. Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Қорғалжын кеңшарында механик болып бастаған.

Еске сала кетсек, осыған дейін 2011 жылғы сайлауда да Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековті ҚР Президенттігіне кандидат етіп тіркеген болатын.

Жоғары қарай